Премьер-министр вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында эпидемиологиялық жағдайдың үш сценарийін таныстырды. Министрдің айтуынша, ведомство эпидемиологиялық болжамын жаңартты.
Пессимистік сценарий бойынша, вакциналау тиімділігі 60%-тен кем болмағанда, маусым-қыркүйек айында вирус жұқтырғандар саны 95 мыңға жуықтайды.
Реалистік сценарий бойынша, вакциналау тиімділігі 80%-тен кем болмаса, маусым-қыркүйекте науқастар саны 69 мың адамға жетеді.
Оптимистік сценарий бойынша, вакциналау тиімділігі 95%-тен кем болмағанда, маусым-қыркүйекте 61 мыңға жуық адам індетке шалдығады деп болжанып отыр.
Үкімет басшысы Асқар Мамин вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды. Оның айтуынша, Қазақстанда вакцинаның бірінші компонентін 2 млн-нан астам, екінші компонентін 1 млн-ға жуық адам алған.