ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Тоқаев құжатқа қол қойды: сарапшылар жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заң жайлы пікірін айтты

Президент жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды

фотоколлаж: Әли Бектаев, Дос Көшім

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды. Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге енді заңмен тыйым салынады.

Парламенттің қос палатасында талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңын Президент әкімшілігі ұсынған болатын. Сенат 5 мамырда жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заң жобасын қабылдап, Мемлекет басшысына жолдады.

Заң жобасының мақсаты - шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстанның заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен иеленуіне тыйым салуды енгізу.

Сондай-ақ, заң жобасында Қазақстан азаматтығы тоқтатылған және шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар Қазақстанның заңды тұлғасының қатысушылары құрамына кірген жағдайларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеліктен шығару мәселелері реттелді. Сонымен қатар, жаңа заң аясында осы күнге дейін ауылшаруашылық жерлерін жалға алған шетелдіктер мен шетелдіктердің үлесі бар компаниялар жалға алу мерзімі аяқталғанша пайдалана алады. Одан кейін жалға алу уақыты ұзартылмайды.

Айта кету керек, 2020 жылдың 31 желтоқсанында Жер кодексінің кейбір нормаларына байланысты қабылданған 5 жылдық мораторий мерзімі аяқталады. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қайта жазылған болатын.

Сонымен ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сатуға байланысты дауға нүкте қойылды деп айтуға бола ма? Орман өсіру үшін шетелдіктерге немесе шетелдік үлесі бар компанияларға жерді 25 жылға жалға беруге болады деген норманың тағдыры не болды? Қандастар азаматтық алған соң, олардың жерді жалға алуына бола ма? Azattyq Rýhy тілшісі осы және өзге де сауалдарды бірқатар сарапшыға қойып көрді.

ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ОРМАН ЕГУГЕ ЖЕР БЕРУ ТУРАЛЫ НОРМА ЗАҢНАН АЛЫНДЫ

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Тоқаев қол қойған заңның кейбір нормалары туралы пікір білдірді. Депутаттың айтуынша, «Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі» деп көрсетілген норма жойылған.   

«Сенатта қаралған кезде бұл заңнан жерді орман егу үшін шетелдіктерге жалға беру туралы норма алынып тасталды. Орман егуге және ауылшаруашылық мақсатындағы жердің бәрі тек Қазақстан азаматтарына беріледі. Ал, бұл заңмен жер мәселесіне нүкте қойылды деп айтуға болмайды.

Себебі, өткенде жер реформасы бойынша жұмыс істеген республикалық комиссия бір айдан астам еңбектенді. Мен де оның құрмында болдым. Жүзден астам ұсыныс айтылды, сарапталды. Екі бөлек жұмыс тобы құрылды. Олардың ұсыныстары ашық дауыспен есепке алынып, халықтың арасында айтылып жүрген бастамалар да ескеріліп, қабылданды», - дейді Ә.Бектаев.

Оқи отырыңыз: «Үлкен саясаткерлер жасырын ойын жүргізіп отыр». Жер комиссиясының мүшелері заң жобасы туралы ойымен бөлісті

«ЖЕР ТУРАЛЫ ТАҒЫ БІР ЗАҢ ЖАЗЫЛЫП ЖАТЫР»

Сенатор Ә.Бектаев аталған комиссияда қабылданған ұсыныстар жинақталып, тағы да бір қосымша заң жобасы жасалып жатқанын айтты. Ауылшаруашылық министрлігі заңды Парламентке ұсынады. Онда жалпы жерге, жер иеленушілерге, жайылым, жерді беру, жерді алып алу, ашық кадастр, космомониторинг, цифрландыруға қатысты және өзге де көптеген мәселелер бар. Сенатор осы мәселелердің барлығы қамтылады деп үміттенеді.

«Жер реформасы туралы комиссия мүшесі ретінде 5 отырыс өткенін білемін. Оның қасындағы экономикалық сұрақтар және заңнаманы қамтамасыз ету бойынша құқықтық мәселелерді қарайтын екі жұмыс тобының 10-12 отырысы өтті. Жаңағы мен айтқан мәселелер тыңғылықты талқыланды. Ашық дауысқа салынды. Ал қабылданбағанының себебі айтылды. Жеке пікірім - комиссия жұмысына көңілім толды. Дәл сол құрамда комиссия жұмысын ары қарай жалғастырудың қажеті жоқ. Бірақ Ауылшаруашылығы министрінің деңгейінде жерге қатысты басқа да мәселелер туындап жатса, талқылайтын, оны заң жобасына енгізіп отыру үшін тағы бір жұмыс тобы құрылатын болды. Бірақ жер реформасы бойынша құрылған соңғы комиссияның жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы ашық айтылды», - дейді сенатор.

ДОС КӨШІМ: «ЖЕКЕ-ЖЕКЕ ЗАҢ ЖАЗУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?»  

Белгілі саясаттанушы, Жер реформалары жөніндегі комиссияның мүшесі Дос Көшім жер туралы заңнаманың шашыраңқы екенін, жүйелі жұмыстың жоқтығын айтып, сынға алды. Оның пайымынша, кез-келген жер мәселесіне қатысты нормалар Жер кодексіне ғана топтастырылуы керек еді. Айтуынша, әр бапты бөліп алып, жеке-жеке заң жасаудың астарында халық түсіне бермейтін саясат жатыр. Қоғам қайраткері Тоқаев қол қойған (Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы) заңды бөлек қабылдауға қарсы болғанын айтты.

«Бүгін Президент қол қойған заң ешқандай мәселеге нүкте қойған жоқ. Нүкте «Жер кодексіне» толықтырулар мен өзгертулер енгізілген соң ғана қойылады. Сол толықтырулар мен өзгерістер ішінен тек шетелдіктерге жерді бермеу керек деген норманы ғана алып, жеке заң жасап шығарды. Маған осы жағы түсініксіз. «Шетелдіктерге жалға бермеу керек, сатпау керек» дегенді жеке өткізді. Негізі, жер мәселесі кешенді түрде қарайтын шаруа еді. Бәрі Жер кодексінің аясында реттелуі керек. Демек, бірден істеп тасайтын жұмысты беске бөліп істеу деген сөз. Енді біраз уақыт өткен соң, орман жерлері туралы бапты бөлек заң етіп қабылдап, жеке-жеке баптарды заңға айналдырып отырайық. Әлде бұл бір құйтырқы саясат па?», - дейді саясаттанушы.

Мәселен, 2016 жылы халық қарсы шыққан 2 мәселе бар еді: біріншісі - жерді ешкімге сатуға болмайды, жалпы жер меншікке берілмеуі керек; екіншісі - жерді шетелдікітерге жалға беруге болмайды; Дос Көшімнің пікірінше, соның екіншісі айтылып, біріншісі айтылмай қалған. Бірақ екеуі де кешенді, бірге қаралатын мәселе.

«Жер кодексі толықтай өзгеріске түсетіні белгілі. Ол үшін бірер ай бұрын арнайы комиссия құрылды. Жер жанашыралары мен Үкімет мүшелері кірді. Осы мен айтқан екі мәселені және өзге де жерге қатысты негізгі проблемаларды бірден қарап, екі-үш ай тыңғылықты саралап, бәріне бірден нүкте қоюға болар еді. Оны қайта-қайта қарап, елді мезі еткеннен пайда жоқ. Орман шаруашылығы үшін 25 жылға жер берейік деп шулайық, жерді меншікке беруге бола ма, болмай ма деп тағы бір дауласайық, тағы комиссия құрайық. Не қажеті бар? Осының барлығын бір ғана жұмысшы тобы жасап, заң шығарушы органға ұсынатын шаруа. Келеміз де, қырық пышақ етіп, жіктейміз», - деп ойлайды Д. Көшім.

«ЖЕР КОМИССИЯСЫ ӨЗ МИССИЯСЫН ДҰРЫС АТҚАРМАДЫ»

«Соңғы рет құрылған Жер реформалары туралы комиссия өз миссиясын қалай атқарды?» деген сауалға Дос Көшім «шала» деп баға берді.

«Қазір комиссия жұмысы тоқтады ма деген сұрақтың да басы ашық қалды. Бес жыл бұрынғы комиссияның жұмысы мораторий жарияланған соң тоқтағаны белгілі. Ал Ералы Тоғжанов басқарған комиссияның миссиясы аяқталды деген ресми жауапты естіген жоқпын.

Мен осы комиссияның үшінші отырысында жерді меншікке беру мәсеелсін заңмен шегелеп, нүкте қою керек екенін айттым. Себебі, өткен бес жылда бұл туралы нақты шешім қабылдауға ешкім асықпады. Ал соңғы құрылған комиссия жерді меншікке беру мәселесін талқылаған соң, оның нақты шешімін біржақты шығармай, жұмысын тоқтатқан сияқты. Себебі, бізге келесі отырыстың қашан болатынын және комиссияның таратылатыны туралы да айтылмады. Ералы Тоғжановтан да «комиссия жұмысы осымен тәмам» дегенді өз басым естімедім. Үндемей-түндемей жоқ болды», - дейді аталған комиссияның мүшесі.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы