ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

«Үлкен саясаткерлер жасырын ойын жүргізіп отыр». Жер комиссиясының мүшелері заң жобасы туралы ойымен бөлісті

Жер реформасы жөніндегі комиссияның келесі отырысы 24 сәуірге белгіленген

Коллаж

Жер реформасы жөніндегі комиссияның қарауында жатқан ауылшаруашлығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беру мәселесін талқылау қыза түсті. Комиссия құрамындағы депутат, шенеуніктерге қарағанда, тәуелсіз сарапшылар пікірін ашық айтып, әсіресе жерді Қазақстан азаматтарына да жекеменшікке бермеу мәселесін оқтын-оқтын көтеріп жатыр. Қоғам белсенділерінің арасынан жер жекеменшікке берілетін норма мақұлданса, халықты ереуілге шақыруға үндегендер де табылды.     

Алматы облысының фермері, «Шопан ата» қой асыраушылар ұлттық қауымдастығының жетекшісі Алмасбек Садырбаев деген азамат ауылшаруашылық жерлерін шаруаларға беруді қолдап, белсенділік танытып жүр. Кәсіпкер жердің иесі болу үшін шаруашылықты дамытып, еңбек етуге үндейді. Дегенмен, жер комиссиясының құрамына енген Алмасбек Садырбаев жерді жекеменшікке рәсімдеу арқылы ғана ауылшаруашылығын дамытуға болатынын айтады.  

Ал, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша құрылған комиссия мүшелері Мұхтар Тайжан, Марат Башимов және Мұрат Әбенов жерді өз азаматтарымыздың меншігіне беруге қарсылық танытып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі қоғам белсенділерінен меншік құқығына қарсылық пен орман егуге арналған жерлерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне қатысты пікірін тыңдап көрді.  

АҒАШ ЕГУ ҮШІН ЖЕР СҰРАП ОТЫРҒАН ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ ПИҒЫЛЫ – ЖЕРДІ ИЕМДЕНУ

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлері енді шетелдіктерге сатылмайтынын және тіпті жалға да берілмейтінін хабарлап, өз бастамасымен жазылған тиісті заң жобасын Мәжіліске жіберген болатын.

Оқи отырыңыз: Жер туралы жаңа заң жобасы: шетелдіктер мен қандастарға жер сатылмауы мүмкін

Мәжілістегі талқылау барысында жұмыс тобы аталған заңға кейбір өзгерістерді енгізген. Бір топ депутат орман өсіру (лесоразведение - авт.) үшін ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруге рұқсат ететін норманы қосқаны белгілі болды. Жұмыс тобы шетелдіктерге орман өсіру үшін 25 жылға дейінгі мерзімге ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алуға рұқсат беретін түзету енгізген. Тоқаев ұсынған заң жобасында қолданыстағы Жер кодексінің 48-бабының 2-бөлімін толық жою көзделген. Себебі, ол бөлімде «Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі» делінген. Әлгі жұмыс тобы соның ішінде «орман өсіруді» қалдыруды ұсыныпты.

Бұл нормаға байланысты әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылау басталды. Қоғам белсенділері «Жерді орман үшін 25 жылға беру дұрыс емес, бұл жерді кейін шетелдіктердің меншігіне берудің құйтырғы жолы» деген пікірлер айтты. Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген белсенді Мұрат Әбенов кейбір депутаттар аталған норманы енгізу арқылы Мемлекет басшысына қарсы шығып отырғанын айтты. Экс-депутат бұл жерде құқықтық мәселеден гөрі саяси сұрақ туындайтынын, кейбіреулер осындай жолмен жерді жекеменшікке алып қалудың құйтырқы тәсілдеріне барып отырғанын байқауға болатынын жеткізді.

«Орманға арналған жерлерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беру мәселесін бірнеше депутат ұсынды. Ауылшаруашылық жерлері емес, ол орман егуге арналған жерлер деген көңіліме жақпады. Онда резервтегі жерлер деген уәж айтылды. Ол сол ауылшаруашылық жерлері болуы мүмкін ғой. «Миллиондаған гектар жер құр жатыр, оны шетелдіктерге орман өсіруге берейік» дейді. Шетелден келетіндер оны тегін өсірмейді, оған өз бюджетімізден ақша беріледі. Сол қаржыны жергілікті бизнесмендерге берсе, шаруамен айналыса алады емес пе?! Шетелдікке 25 жылға жалға берілген жерге көгалдандыру, сол жерді көркейту болса бір жөн. Шетелдіктің мақсаты мен мүддесі осыған ұқсас деп айта алмаймын. Жерді өз меншігіне алып қалудың ең құйтырқы жолы деп қабылдаймын.

Президент әкімшлігі ұсынған «жерді шетелдіктерге сатуға болмайды» деген норманы қабылдайтын кезде бір топ депутаттың «Мына заңдағы нормаларға орман жерлерін шетелдіктерге берейік» деп ұсыныс айтуы  - саяси сұрақ тудырады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заңды қоғамды, елді біріктіру үшін жасап жатыр. Президент сондай жауапкершілікті алды. Ол топ заңға өз мүддесін тықпаламай, ұсыныстарын жер комиссиясы арқылы талқылауға әкелсін. Олардың Арал немесе Батыс Қазақстандағы мұнайлы өлкедегі құмды жерлерді көгалдандыру ұсынысы дұрыс шығар, бірақ ертең шұрайлы орманды жерлерді шетелдіктерге беріп жібермейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Қорытып айтқанда, бұл заң нормаларына Сенат, саяси тұлғалар, саяси инситуттар қарсы тұрады деп ойлаймын», - деді Мұрат Әбенов.

МҰХТАР ТАЙЖАН: «ЖЕРДІ ЖЕКЕМЕНШІККЕ БЕРУДІ ҚОЛДАСА, МИТИНГКЕ ҮНДЕЙМІН»

Айта кету керек, Мемлекет басшысы бастамашы болған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жақында Сенаттың қарауына жіберілді. Мұхтар Тайжан алаңдатып отырған бір-ақ мәселе - жерді жекеменшікке беру екенін айтады. Екіншісі - ағаш егу үшін жерді жалға беру деген күмәнді норма.

«Иә, елде жұмыс істеп жатқан шетелдіктердің мұндай міндеттемелері бар. Әсіресе елдің батысындағы жер қойнауын пайдаланушылар рекультивация жасауы керек.

Шетелдік алпауыттарға міндеттелген жүктің бірі - мұнай немесе газ алған жерін көгалдандыру. Оны істесін, ағаш ексін, көгалдандырсын. Бірақ ол жерді жалға беруге болмайды. Өйткені қауіпті. Ал комиссиядағы экономикалық топтың отырысында ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беру мәселесі жұмысшы топта дауысқа салынбады. Себебі түсінікті. Кейбір топтар бұл тақырыптың талқыланбауына мүдделі. Себебі олар қорқып отыр. Осы тақырыпқа келгенде бізде ылғи дау туындайды. Оның үстіне жоғарғы жақтың өзінде бұл мәселеге орай нақты шешім жоқ. Биліктің ішінде де жерді сатуға қарсы болып отырған қазақтар бар. Сондықтан жоғарғы билік эшолонының ішінде де осы мәселеге қатысты өзінше бір пікірталас пен тартыс болып жатқаны шындық», - дейді Мұхтар Тайжан.

Мұхтар Тайжан атқарушы билік жерді жекеменшікке берудің жолын қарастырып отырғаны анық деп есептейді.

«Бұл мәселені дауысқа салмай, нақты нормаларды дайындап отырса, мұны құйтырқылық деп бағалаймын. Жерді жеке меншікке беру тәсілдерін шенеуніктер дайындап жатқан секілді. Кеше маған бейресми жолмен осындай хабар келді. Бұл рас болса, демек жерді жеке меншікке беруге жол ашатын нақты тәсілдер дайындалып жатқан болуы керек. Кешегі Алмасбектің (Алмасбек Садырбаев - авт.) сүйінші сұрап жатқаны осы болуы керек.

Қызық, бұл мәселені әлі дауысқа салмай, нақты нормаларды дайындап қойған сияқты. Бұл қалай болғаны? Мен бұл құжаттарды кеше мұқият зерттедім. Менің пікірім былай: Бұл тікелей емес, бірақ қитұрқы жолдармен жерді жеке меншікке беру тәсілдері. Нақтырақ айтқанда, бұл халықты алдайтын ұсыныстар. Бұл ұсыныстар сенбі күні ресми дауысқа салынатын болсағ мен (жалғыз емеспін деп ойлаймын) қарсы шығамын.

Иә, біз дауыс берген кезде жеңілуіміз мүмкін. Мұндай жағдайда мен заңды түрде жалпыұлттық митинг жариялаймын. Қазір оған заң мүмкіндік беріп отыр. Мұндай жағдайда әр қала, әр ауыл жер үшін шығу керек», - дейді комиссия мүшесі.

ЗАҢДЫ «БАЙҚАТПАЙ ҚАБЫЛДАП ЖІБЕРЕМІЗ» ДЕГЕН ОЙ БОЛМАУЫ КЕРЕК 

Жер реформасы бойынша құрылған комиссия мүшесі Мұрат Әбенов жерді жекеменшікке бермеу туралы талқылауларға үлкен саясаткерлер мен саяси ұйымдардың араласпай отырғанына алаңдайды. Шырылдап жүрген 5-6 адамның халық мүддесіне қарсы жұмыс істеп отырған топтарға шамасы келмесе, елдің қоғамдық-саяси өмірінде қатты өзгерістер болатынына сенімді. Қазір бұл заң латифундистер мен олардың лоббиін қолдап отырған азаматтарға қолайлы болғанымен, халыққа тиімсіз деген пікірде.

«Қазір белгілі бір топтың мүддесі бар. Ол Парламент арқылы, Үкімет арқылы жерді жекеменшікке беру нормасын өткізгісі келеді. Бұл қоғамдық-саяси жағынан үлкен қауіп туғызады. Бірақ осы мәселеге келгенде үлкен партиялар, саясаткерлер үндемей отыр. Бұл тек Жер комиссиясының жұмысы ғана болмауы керек. Жер комиссиясы қоғамдық пікірді зерттеп отыр. Бірақ ірі саяси топтар, тұлғалар, жазушылар, өнер адамдары да өз пікірін ашық айтуы керек қой. Қазір қоғам топтасып, осы мәселе бойынша пікірін айтып қалуы тиіс. Мысалы, «Жер шетелдіктерге сатылмасын» дегенде Президент ұсынды, басқалары қолдады, топтасты. Енді осы мәселеде де солай топтасуымыз керек. Латифундистер, олардың лоббистері мен соларды қолдап жүрген саясаткерлерге айтқым келетіні: «Қазір үндемей, осы заңды алып өтеміз, қоғамды тыныштандырамыз, байқатпай заңды қабылатып жібереміз» деген ой болмауы керек. Кешегі Атыраудағы жағдайды көріп отырмыз. «Шетелдіктерге орман үшін жер берейік» дегенді көріп жатырмыз. Басқа-басқа, қоғам Жер мәселесіне келгенде бәрібір бірігеді. Сол себепті, қоғамның ашуын туғызбай, елге белгілі саяси күштер жер жекеменшікке сатылмайды дегенді айтуы керек», - дейді М.Әбенов.

Қоғам белсендісі өз азаматтарымызға жерді жекеменшікке беруге болмайтынын, оның салдары ауыр болатынын айтты. Ол бұл жайлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша құрылған комиссия отрысында бірнеше рет айтқан.

Сондай-ақ Мұрат Әбенов субарендаға тыйым салу қажеттігін айтып жүр. Жерді жалға берудің негізгі мақсаты - оны босқа жатқызбай, өңдеуге және тиімді пайдалануға ынталандыру болуы керек. Жерге салынатын салықтар сапалы өнім алуға, жаңа технологиялар енгізуге және жұмыс орындарын ашуға итермелеуі тиіс. Егер жалға алушы жерді тиімді пайдалана алмаса, оны мемлекетке қайтаруға міндетті. Оны әрі қарай келесі пайдаланушыға жалға беру тек мемлекеттің құзырында, барлық жағдайларда бірдей болуы керек, дейді сарапшы.

«Әрине, мен жерді жекеге сатуға басынан қарсымын. Ауылшаруашылық жерлерінің тек шетелдіктерге емес, Қазақстан азаматтарына да сатылуына қарсымын. Оның бірнеше себебі бар.  Біріншіден, жерді жалға аламын деген азаматтарға мүмкіндік бар, оны толық пайдалануға болады. Қазір жалға алынған жерлердің өзі дұрыс пайдаланылмай жатыр. Оны жекеге алып, одан да тиімді пайдаланамын дегенге сену қиын.

Екіншіден, қазір жекеге беру дегенде, қарапайым азаматтар жерді сатып ала алмайтыны түсінікті. Ондай жағдай жоқ. Халықтың 60 пайызы табысын тек тамаққа жұмсап отырғанда, жергілікті халық ауылшаруашылық жерін жекеменшікке алады деу ақылға сыймайды. Осындай жағдайда жекменшікке беру туралы норма қабылданса, жерге қызығатын адам оны сатып алады. Сосын бәрібір басқаларға жалға береді. Бүгінгі билікке жақын ақшасы барлар, жерді сатып алады да, сосын басқалары соған жалданып жұмыс істетеді. Өз жерінде жерге қол жеткізе алмаса, олардың саны 90 пайыз болса, қалған 10 пайызы жерге иелік етсе, бұл әлеуметтік шиеленіске әкелмегенде, қайтеді?!», - дейді М. Әбенов.

«ЖЕМҚОРЛЫҚ БОЛМАСА, ЖЕРДІ ЖЕКЕМЕНШІККЕ БЕРУГЕ БОЛАР ЕДІ»

Еуропалық құқық және адам құқығы сарапшылары институтының директоры Марат Башимов та Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның мүшесі. Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық мақсаттарындағы жерлерді жалға беруге байланысты позициясын қысқаша баяндап берді. Сарапшы жемқорлық басым елде ауылшаруашылық жерлерін жеке адамдардың қолына беру қауіпті деп есептейді. Ол жер мемлекетте болуы керек, ал жағдайы келіп, жерде жұмыс істеуге мүдделі адамдар жерді жалға алуы тиіс деп есептейді. 

«Ауылшаруашылық жерлерін өз азаматтарымызға жекеменшікке беруге байланысты менің позициям айқын. Мен өзге де белсенділер сияқты сатуға қарсылық танытамын. Басқа мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, ауылшаруашылық жерлерін жеке адамдардың қолына беруге болады деп айтуға болар еді. Бірақ біздің елде жер мемлекеттің қол астында болуы керек. Оған себеп: жерді жеке мүддеге пайдалану, оны парақорлықпен талан-таражға салу деген мәселе бар. Сол себепті, сенімсіздік басым болып отыр. Осы жағдай бар кезде жерді жекеге беруге болмайды. Жер комиссиясында отырған Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов сияқты 8-9 кісі осыны қолдап отырмыз», - деді Марат Башимов.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның осы күнге дейін төрт отырысы өтті. Келесі отырыс алдағы сенбіде - 24 сәуірде өтеді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы