Ұлттық банк төрағасы цифрлық теңге қашан енгізілетінін айтты
Жоба әзірге пилоттық режимде іске қосылмақ
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында елімізде цифрлық теңге қашан енгізілетінін айтты.
«Цифрлық валютаны енгізудің ықтимал әсерлерін зерттеу нәтижелері, пилоттық жобаның қорытындысы және мүдделі тараптармен талқылау өткеннен кейін цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы шешім қабылданады және жол картасы әзірленеді», - деді Досаев үкімет отырысында.
Ол пилоттық жоба 2021 жылдың екінші жартысында іске асатынын атап өтті.
5 мамырда Ұлттық банк цифрлық валюта шешетін міндеттерді, оларды шығару және тарату әдісін, қолданылатын технологияны, ақша-кредит саясатына, қаржылық тұрақтылыққа және төлем қызметтері нарығына әсерін анықтай отырып, артықшылықтар мен тәуекелдерді жан-жақты зерттеу үшін «Цифрлық теңге» баяндамасын жариялады.
Баяндамада цифрлық валютаның технологиялық және экономикалық сипаты, Ұлттық банктің цифрлық теңгені зерттеу және енгізу тәсілдері, ықтимал әсерлерін алдын ала бағалау және пилоттық жобаның сипаттамасы қамтылған. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны айырбастауға арналмаған. Егер енгізілсе, заңды төлем құралына айналады.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы тапсырмаларын орындау жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын айтты.
- «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл 6 мамырдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге 1,18 трлн теңгеге 1 507 өтінім келіп түсті, 785,2 млрд теңге сомасына 961 жоба мақұлданды.
- Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биыл 6 мамырда кәсіпкерлер 755,3 млрд теңгеге 3 031 өтінім берді, оның ішінде 596,8 млрд теңгеге 2 205 өтінім мақұлданды.
- «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2021 жылғы 6 мамырда 709,3 млрд теңгеге 59 070 өтінім келіп түсті, 416,9 млрд теңгеге 34 573 өтінім мақұлданды.
- «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарлама бойынша 2021 жылғы 6 мамырда 1,2 трлн теңгеге 127 578 өтінім келіп түсті, 651,6 млрд теңгеге 69 099 өтінім мақұлданды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан