Қаржы министрі мемлекеттік және республикалық бюджеттердің шығыстарын баяндады
Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 3 трлн 217 млрд теңге сомасында кірістер түсті. Бұл туралы Қаржы министрі Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ерұлан Жамаубаев келтірген деректерге сүйенсек, республикалық бюджетке 1 трлн 909 млрд теңге сомасында кіріс түскен. Бұл жоспар бойынша 120 млрд теңгеге артық, оның ішінде салықтар 88 млрд теңгеге асыра орындалғаны белгілі болды.
Сонымен қатар, министр мемлекеттік және республикалық бюджеттердің шығыстарын баяндады.
«Республикалық бюджет бойынша сомасы 4,8 трлн. теңгеге шығыстар жүргізілді. 20 млрд теңге атқарылған жоқ, оның ішінде 7 млрд теңге – үнемдеу есебінен, ал 13 млрд теңге игерілмеген. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Ішкі істер, Қорғаныс, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Білім және ғылым, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінде қалыптасты», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Өз сөзінде ведомство басшысы игерілмеудің негізгі себептерін конкурстық рәсімдердің дер кезінде өткізілмеуімен; орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауымен және шарттардың ұзақ жасалуымен байланыстырды.
Ал, жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,1 трлн теңгені құрап, 28 млрд теңге сол күйі атқарылмағаны мәлім болды.
«Биыл өңірлерге 1,9 трлн. теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 мамырға 456 млрд теңге бөлінді. Оның 98,9%-ы игерілген. 5 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемделді, 4 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу: Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қалыптасты», - деді министр Жамаубаев.
Сонымен қатар, соңғы 4 айдың қорытындысы бойынша, елімізде камералдық бақылаумен сомасы 3,5 трлн теңгеге 395 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды.
«Тексеру қорытындылары бойынша, 11 587 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 10 933 хабарламаны орындады. Аудитпен 604 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 60 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 44 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан