Қазақстан мен Беларусь президенттері телефон арқылы сөйлесті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшылары пандемиядан кейінгі кезеңде екіжақты экономикалық байланыстардың жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығын, сондай-ақ, бірлескен жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру қажет екенін айтты.
Осыған байланысты өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту, экспортталатын тауар түрлерін әртараптандыру, екі елдің бизнесі мен өңірлері арасындағы тікелей қатынастарды жолға қою үшін үкіметтердің ықпалдастығын жандандыруға дайындық мәселесі нақтыланды.
Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын жуық арада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар COVID-19 пандемиясымен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар, соның ішінде, екі ел азаматтарын вакциналауға қатысты іс-қимылдар жайында ақпараттармен алмасты.
Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің биылғы мамырда өтетін отырысын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко күн тәртібіндегі негізгі интеграциялық мәселелерді тағы да бір мәрте пысықтады.
Екі елдің көшбасшылары бір-бірін алдағы келе жатқан мамыр мерекелерімен құттықтап, Қазақстан мен Беларусь халықтарының берекелері артып, өсіп-өркендей беруіне шынайы тілектестік білдірді.