«Самұрық-Қазына» Қытай вакцинасын сатып алуына қатысты түсініктеме берді
Қазақстандық бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ ұжымын вакцинациялау үшін 1 000 000 доза мөлшерінде БАӘ-де өндірілген коронавирусқа қарсы Hayat-Vax вакцинасының партиясын сатып алғаны жөнінде ақпарат жарияланды.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаментінің директоры Марат Мұхамедсалимовтың жауабында вакцина таңдауға қатысты мәселені Қор өзі айқындамайтыны, бұл «СҚ-Фармация» мен Денсаулық сақтау министрлігінің құзіреті аясына кіретінін айтқан.
«Олар мұндай шешімді қажетті көлемде вакцинаның болуына, логистика мен температура режиміне байланысты қабылдаған сияқты. «Самұрық-Қазына» қоры 1 млн доза сатып алуға төлем жасайды және қазірден-ақ жеткізу басталды», - деді Қордың ресми өкілі.
Оның атап өтуінше, 1 млн доза вакцина сатып алуға 31,1 млн доллар қаржы жұмсалды.
«Бүгін ведомствоаралық комиссия отырысында 120 мың доза Қазақстан бойынша «Самұрық-қазына» компаниялар тобының жұмысшыларына егілетіндігі туралы шешім қабылданды. Яғни, өндірістік компаниялар мен филиалдарда еңбек ететін мұнайшылар, энергетиктер, пошта қызметкерлері, ұшқыштар, стюардессалар алады. Ал қалған 880 мың боза барлық қазақстандыққа, ниет білдірген адамдарға қолжетімді. Бастапқыда бұл вакцина «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жұмысшылары үшін сатып алынды деген ақпарат тараған болатын. Ол дұрыс емес, қате ақпарат», - деді ол.