ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 595 мыңнан асты

COVID-19: ел қоймаларында дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар

Денсаулық сақтау министрлігі жазда коронавирустың жаңа толқыны болу мүмкін екенін айтты

Inbusiness.kz

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын бірнеше күн бұрын ескерткен болатын. Қазір күн сайын елімізде кемі 2,5 мың адамнан COVID-19 инфекциясы ПТР-тест арқылы анықталып жатыр. Алматы мен Нұр-Сұлтанда аурудың таралу қарқыны жоғары. Алматының бас санитар дәрігері қалада карантиндік шаралардың күшейтілгенін де айтты.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың қаңтарында – 33 368 адам; ақпанда – 25 434, наурыз айында – 32 522 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Жыл басынан бері коронавирустан қаңтар айында – 249 адам, ақпан – 223; наурыз – 310 адам көз жұмса, коронавирус белгілері бар пневмониядан қаңтар мен наурыз айлары аралығында 186 адам қайтыс болған.

Ал, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой болса жаз айларында коронавирустың жаңа толқыны болуы мүмкін екенін жасырған жоқ.

Жаңа толқын бола қалған жағдайда еліміздің ауруханалары мен дәріхана қоймалары оған дайын ба? Былтыр есте болса, ауырған халық дәрі таппай, елде дүрбелең туған еді. Дәрі жетіспеушілігінен науқастардың көбі бақилық болды. Артынша антибиотиктің мол қоры «СК-Фармация» ЖШС қоймаларынан табылып, соңы үлкен шуға ұласқан еді. Ал, компанияның сол кездегі басшысы Берік Шәріп алдымен орнынан кетіп, артынша тергеуге алынды. Қазір оның соты болып жатыр.

Azattyq Ruhy тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінен және «СК-Фармация» өкілдерінен жаз маусымына дайындығы жөнінде сұрап білді. Елде былтырғыдай дәрі дефициті болмас үшін қандай шаралар қолға алынған және қанша ақша бөлінген?

Бүгінгі күні COVID-19 инфекциясынан емдеу үшін 6,4 млрд. теңге сомасына дәрілік заттардың 38 атауынан екі айлық азаймайтын қор қалыптастырылған. Коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына дайындық аясында «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы бірнеше шараны қолға алғанын мәлімдеді.

«СК-Фармация» қоймаларында коронавирустан емдеу үшін дәрілік заттар және медициналық бұйымдардың 38 позициясы бойынша 6,27 млрд. теңге сомасына препараттардың 2 айлық қоры қамтамасыз етілді. Бұл айына 60 мың науқасты емдеуге жеткілікті. Ал, медициналық ұйымдарда дәрілік заттар және медициналық бұйымдардың 91 позициясы бойынша 4,3 млрд. теңге сомасына препараттардың айлық қоры қамтамасыз етілген.

«Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі 5 атауға (ыстықты түсіретін Парацетамол және Ибупрофен, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран антикоагулянттары) кеңейтілді. Медициналық ұйымдарға 2 млрд. теңге сомасына ДЗ және МБ жөнелтілді. Интервенция шеңберінде бөлшек сауда желісіне 1,8 млрд. теңге сомасына 26 ДЗ бойынша 2 айлық қор қалыптастырылды.

Дәріханалардың бөлшек сауда желісінің араласуы үшін 8 отандық тауар өндірушісінен 10 млн. маска сатып алынды. Сондай-ақ, 400 мың бір реттік қорғаныш костюмі (гуманитарлық көмек), жеке қорғаныш құралдарының қоры қамтамасыз етілді, оның 200 мыңы өңірлер арасында бөлінсе, қалған 200 мыңы Бірыңғай дистрибьютордың қоймасында сақталады», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің берген ақпаратында.

COVID-19 инфекциясын алдын алу және болдырмау бойынша екі айлық төмендемейтін дәрілік заттар қорының көлемі Бірыңғай дистрибьютордың хабтарында өңірлердің тұтыну фактісі бойынша бөлінген және сақталған:

  • Алматы қаласы – 35%;
  • Нұр-сұлтан қаласы – 30%;
  • Ақтөбе қаласы – 15%;
  • Шымкент қаласы – 20%.

Қалыптасқан көлем («қауіпсіздік жастығы») елдің өңірлерінде дәрілік заттардың тапшылығы туындаған жағдайда пайдаланылады және ол медициналық ұйымдардың босатылуына қарай толықтырылады.

«Бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымдардың өтінімі бойынша қосымша өтінім түскен кезде төмендемейтін екі айлық қордағы дәрілік заттарды пайдаланады. Медициналық ұйымдарға тиеп-жөнелтілуіне қарай азаймайтын Қордың пайдаланылған көлемі жедел толықтырылады және жаңартылады.

Төмендемейтін екі айлық қордың көлемін Бірыңғай дистрибьютор медициналық ұйымдардың өтінімдерінен тыс сатып алады. Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында да, медициналық ұйымдарда да дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың болуына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Апта сайынғы ақпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынылады», - делінген Azattyq Ruhy тілшісінің сауалына жауап берген «СК-Фармация» ЖШС басшылығы.

Сонымен қатар, ҚР ДСМ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған препараттар тізбесі кеңейтілген. Тегін қамтамасыз ету тізіміне дәрінің 5 атауын қамтитын COVID-19 жаңа нозологиясы енгізілген.

«Мәселен, ПТР-тест нәтижелеріне қарамастан, аурудың жеңіл ағымы кезінде COVID-19 диагнозы қойылған пациенттер тіркелген жеріндегі өз емханаларында, емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша "Парацетамол", "Ибупрофен", "Ривароксабан", "Апиксабан" және "Дабигатран"сияқты ыстықты төмендететін дәрілер мен антикоагулянттарды тегін алады», - дейді «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа толқыны басталып, эпидемиологиялық жағдай ауырлаған жағдайда науқастарды орналастыруға 60 мың төсек-орын мен 5 мың реанимациялық орын ашуға мүмкіндік бар екенін айтты.

«2021 жылғы 1 сәуірдегі облыстардың бөлінісінде өңірлердің инфекциялық төсектерінің өкпені жасанды желдету аппараттарымен жарақтандырылуы (стационарлық және портативтік) 7528 бірлікті құрады. Сонымен қатар, эпидемиологиялық жағдай ауырлаған жағдайда 60 мың төсек-орын және 5 мың реанимациялық орын ашуға мүмкіндік бар», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлнар Сәрсенбаева.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан