Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Гүлшара Әбдіқалықова ұсыныс жасады. Қазір Қазақстандағы ең төменгі күн көріс деңгейі 32 мың
Статистика комитетінің есебі бойынша, 2019 жылдың қазан айындағы Қазақстандағы ең төменгі күн көріс деңгейі 32 мың 176 теңге болды. Егер депутат Гүлшара Әбдіқалықованың кедейлік шегін ең төменгі күн көріс деңгейімен теңестіру туралы ұсынысын мемлекеттік органдар заңнамамен бекітсе, кедейлік шегі де 32 мың 176 теңге болады. Сәйкесінше, төленетін жәрдемақылар мөлшері артады.
«Әлеуметтік мәселелер барлық уақытта кез келген елдің мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болады. Мемлекет өзінің экономикалық мүмкіндігіне қарай халыққа әлеуметтік көмектің көлемі, мазмұны, құрамы бойынша шешім қабылдайды. Қазір Қазақстанда кедейлікті бағалаудың деңгейі ең төменгі күнкөрістің 70 пайызы. Халықаралық сарапшылар кедейлік шегінің оңтайлы деңгейі ең төменгі күн көріс деңгейі екенін айтады.
Сондықтан, біздің ойымызша, кедейлік шегін одан әрі ең төменгі күн көріс деңгейіне дейін ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін теңдестірілген қаржы-экономикалық модель құру - мемлекеттік органдардың өзекті міндеттерінің бірі болуға тиіс», - деді депутат Гүлшара Әбдіқалықова.
Депутат ең төменгі күнкөріс шамасының өзі халықтың нақты сатып алу қабілетіне сәйкес келуге және адамның барынша аз қажеттіліктеріне жауап беруге тиіс екенін атап өтті.
Жалпы, бүгінгі үкімет сағаты – көп балалы және табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа форматын талқылауға арналып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұған дейін үкіметте, мәжілісте таныстырған жаңа заң жобасын тағы бір рет егжей-тегжейлі таныстырды.
Министр 2020 жылдан бастап төрт және одан көп баласы бар отбасыларға табысын растамай төленетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алудың бұған дейін айтылған жаңа ережелері туралы айтты. Яғни, кәмелетке толмаған немесе университеттің күндізгі бөлімінде оқитын 23 жасқа толмаған төрт баласы бар отбасыларға табысына қарамай ай сайын – 42 496, бес баласы барларға – 53 127, алты баласы барларға - 63 757 теңге, жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға айына 74 388 теңге жәрдемақы төленеді.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан