Жамбыл облысы әкімінің орынбасарына да қатаң сөгіс жариялануы мүмкін
Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бергені үшін Атырау және Жамбыл облысы әкімдерінің жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жариялау жөніндегі Әлихан Смайыловтың (бірінші вице-премьер) ұсынысын қолдады.
Атырау облысының әкімдігінде бағаны биыл қаңтар айында осы қызметке тағайындалған әкімнің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев қадағалайды. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер azh.kz сауалына жауап беріп, сөгіс мәселесі өңір басшысы орынбасарының ауруханадан шыққаннан кейін қаралатынын айтқан.
«Қазір ол ауруханада жатыр, сөгіс мәселесі жұмысқа шыққаннан кейін қаралады», - деп хабарлайды.
Қайрат Нұрлыбаев 1973 жылы 2 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (инженер-механик), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін (экономист) тәмамдаған.
Еңбек жолын 1995 жылы Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатында аға референт ретінде бастаған.
1996-1997 жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы «Мұқыр» акционерлік қоғамында жөндеуші-техник болып жұмыс істеген.
1999 жылы Қызылқоға ауданының Мұқыр селолық округі әкімінің аппаратына маман болып кіріп, Қызылқоға ауданы Мұқыр селолық округінің әкімі, Қызылқоға ауданының коммуналдық меншік, көріктендіру, құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Одан кейін Құрманғазы ауданының Шортанбай селолық округінің әкімі, Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімінің одан соң аталған ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Мақаш селолық округінің әкімі болып жұмыс істеді.
2008-2012 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2012-2019 жылдары аталған аудан әкімінің орынбасары болды. 2019-2021 жылдары Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.