Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі жаңаша тәсілдер аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына арналған
2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық көпбалалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақыға қосымша ретінде Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын аз қамтылған отбасылардың балалары енді Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік көмектің жаңа түрі туралы 6 желтоқсан күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Facebook парақшасында жариялады.
Вице-министр айтып өткендей, Кепілдендірілген әлеуметтік пакет (КӘП) құрамына азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдар жиынтығы, мектеп формасы, мектеп құрал-жабдықтары, мектептегі ыстық тамақ және қоғамдық көлікпен жүруге арналған жеңілдігі бар жолақы кіретін болды.
«Бұл әлемде кеңінен қолданылып жүрген тәжірибе, тіпті көптеген елдерде азық-түлік жиынтығымен, киіммен және т.б. қамтамасыз ету бойынша арнайы бағдарламалар бар. Мәселен, АҚШ-та азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз ету жөніндегі 15 түрлі федералдық бағдарлама жұмыс істейді. 2017 жылы АҚШ-та барлық жанұяның 9.2%-ы азық-түлік жиынтығын алып отырған және балалардың 16.7%-ы сол жанұяларда тұрады. Ұлыбританияда мектеп униформасы шығындарының бір бөлігін мемлекет өз мойнына алған және егер бала үйіне жақын жердегі мектепке барып жүрсе, оның қоғамдық көлікпен тегін жүруіне жағдай жасалған. Германияда да жағдайы төмен отбасылардың балаларына мектеп жабдықтары (70 еуродан аспайтын) беріледі және мектептерде ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», – деп мысал келтіреді Ерлан Әукенов.
Қазақстанда балаларға арналған азық-түлік жиынтығы айына бір рет берілетін болды. Азық-түлік жиынтығының 1 жастан 3 жасқа дейінгі және 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларға арналған екі түрі белгіленген екен.
Бұл көмекті алатын балалардың болжалды саны – 1-ден 6 жасқа дейінгі 223 мың бала болып отыр. Азық құрамы Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесімен жасалыпты. Айта кетерлігі, тамақтың нәрлілігі мен энергетикалық құндылығы балалардың физиологиялық және жас ерекшеліктеріне сай жасалады дейді вице-министр.
«Аталмыш жиынтық баланың күндізгі тамақ мәзірін толық қамтамасыз етуге арналмаған. Мұндағы басты мақсат – ықтимал дәрумендер жетіспеушілігін толықтырып отыру. АӘК алатындар қатарына жататын 6-дан 18 жасқа дейінгі балалардың (376 мың) тамақтануы оқу орны бойынша, мектептерде түрлі ыстық тағам ретінде қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті Е.Әукенов.
Сонымен қатар, балаларға арналған тұрмыстық химия жиынтығын да Денсаулық министрлігі бекіткен екен. Оның құрамына 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларға арналған жеке бас гигиенасының заттары кірмек. Ол жиынтық тоқсан сайын бір рет беріліп тұрады.
Мектеп формасының жиынтығын Білім беру министрлігі бекіткен, оның қыздарға және ұлдарға арналған қыстық және жаздық түрлері бар. Мектеп құрал-жабдықтарының бастауыш, орта және жоғарғы сыныптарға арналған үш түрі болады. Мектеп формасы мен құрал-жабдықтарының жиынтығы жылына бір рет, тамыз айында, оқу жылының алдында берілетін болады.
Қазақстанда қоғамдық көліктерде 7 жасқа дейінгі балалардың тегін жүруі және 15 жасқа дейінгі балалардың жеңілдікпен жүруі заңмен кепілдендірілгенін ескерсек, енді жеңілдігі бар жолақысымен КӘП аясындағы 18 жасқа дейінгі балалар да жүре алмақ.
Атаулы әлеуметтік көмекке қосымша ретінде енгізілгелі отырған жаңаша әдіс мемлекет тарапынан аз қамтылған, әсіресе көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған жұмыстар екенін атап өту керек.