Шегірткемен күресуге республикалық бюджеттен шамамен 2 миллиард теңге қарастырылған
Республиканың оңтүстік өңірлерінде шегіртке тектес зиянкестерді анықтау мақсатында тексеру басталды. Бұл туралы Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Биыл шегіртке ошақтарын анықтау үшін GPS навигаторларды пайдалана отырып, 524 бірлік автокөлік пен 1230 тексерушіні жұмылдыру арқылы шамамен 38 млн гектар жерді тексеру жоспарлануда. Сондай-ақ, шекаралас Ресей, Қытай және Өзбекстан мемлкеттерімен бірлескен зерттеулер жүргізу жоспарланған.
«Биыл республика бойынша шегіртке зиянкестерінің 640 мың гектар алқапта таралуы болжануда. Шегірткемен күресуге республикалық бюджеттен шамамен 2 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа жеткілікті пестицидтер мен химиялық өңдеу қызметтері сатып алынды. Сонымен қатар, орталық қоймада қосымша пестицидтердің қажетті қоры бар», - делінген хабарламада.