Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы ҚР заңының 9-бабына сәйкес жарлық шығарды.
1. Түркістан облысының құрамында әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасатын Сауран ауданы әкімшілік-аумақтық бірлігі Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін бөлу жолымен құрылсын.
«ҚР Үкіметі осы жарлықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын. Осы жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген Президент жарлығында.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 12 желтоқсанында Кентау қаласы мен оның ауылдық округінің тұрғындары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің «Сауран» ауданын құру туралы бастамасын қолдады. Аймақ басшысының Кентау қаласына қарасты 12 ауылдық округі аумағынан жаңа аудан құру жөніндегі ұсынысы ҚР Президенті тарапынан да қолдау тапқан.