Қырғызстанмен жаңа келісім заңсыз көші-қонды азайтады - Мәжіліс

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы екі айда Қырғыз елінен Қазақстанға 22 мыңнан астам шекара асып келген

көрнекі сурет

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Қырғызстан келісімі заңсыз көші-қонды азайтады деп сенеді.

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. 

«Бір апта бұрын Қырғыз республикасының президенті елімізге мемлекеттік сапармен келді. Сол кезде екі мемлекет басшылары «екі елдің аумағында азаматтар мен көлік құралдарының еркін қозғалысы және транзиті үшін келісілген шаралар қабылдаудың маңыздылығын» атап өтті. Біз жақында ғана мақұлдаған бұл келісім екі президенттің уағдаластықтарының іс жүзінде жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді», - деді Мәжіліс спикері.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин келісім нәтижесінде заңсыз көші-қон санын азайту, көші-қон заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қос азаматтық фактілерінің жолын кесу бойынша бірлескен жұмысты күшейту маңыздылығын атап өтті.

Ал ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, жыл басынан бері Қырғыз елінен Қазақстанға 281 мыңнан астам шекара асып келген.

«ҚР ІІМ көші-қон саласындағы 23 келісімді ратификациялады. Тағы 8 халықаралық келісім әзірлену кезеңінде. Былтыр Қырғызстаннан Қазақстанға 281 мыңнан астам адам келді. Биыл екі айда 22 мыңнан астам адам шекарадан өткен. Ал біздің елден Қырғыз республикасына 175 мың адам өтті, соңғы екі айда 20 мыңнан астам адам кетті. Екі ел тұрғындарының өзара қарым-қатынасы белсенді дамуда. Қазақстан Өзбекстанмен, Тәжікстанмен, Әзірбайжанмен және Беларусь елдерімен осындай келісімге қол қойды», - деді министр.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан