Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығана арналған мерекелік медаль шығарылады

Автор: Azattyq Rýhy

Мерекелік медальдің диаметрі 34 мм дұрыс шеңбер нысанында болады

көрнекі сурет

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» ҚР Президенті жарлығының жобасын жариялады.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Қазақстан Республикасының Президенті жарлығының жобасы ҚР Президентінің қарауына енгізілсін», - делінген Үкімет қаулысында.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі (бұдан әрі – мерекелік медаль) диаметрі 34 мм дұрыс шеңбер нысанында болады.

Мерекелік медальдің бет жағында (аверсінде) «ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ» деген жазу орналасқан. Мерекелік медальдің төменгі бөлігінде ұлттық ою-өрнек бейнеленген.

Мерекелік медальдің сыртқы бетінің (реверсінде) ортаңғы бөлігінде төрт жолмен орындалған «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ 30 ЖЫЛ» деген жазу бейнеленген. Жазудың төменгі және жоғарғы жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан.

Медальдағы бейнелер мен жазулардың бәрi де бедерлi, алтын түстес. Аверс пен реверс беті күңгірт.

Мерекелік медаль сары түсті металдан (жезден) дайындалады.

Мерекелік медаль құлақша мен шығыршық арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы түстес қатқыл лентамен қапталған ені 32 мм және биіктігі 50 мм тағанға жалғанады. Лентаның ортасында ені 5 мм тік сары жолақ өтеді, оның шеттері ені 2 мм қызыл түсті жолақтармен жиектелген.

Мерекелік медаль киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.