Инвестиция тартумен айналысатын әкім орынбасарларының міндеті қайта қаралады

Автор: Azattyq Rýhy

Асқар Мамин орынбасарының ұсынысын қолдады

көрнекі сурет

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Үкімет басшысы Асқар Маминнен өңір әкімдеріне инвестиция тартуға жауапты орынбасарлардың функционалдық міндеттерін қайта қарауды тапсыруын сұрады.

«2012 жылы инвесторлармен нақты жұмыс істеу үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің арнайы орынбасары лауазымы енгізілді. Бұл шара тиімділігін көрсетті. Алайда, жылдар өте келе бұл лауазым иелеріне функционалы оларға бейінді емес міндеттер жүктеумен жалғасып кетті», – деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, қазір тек инвестиция мәселесімен айналысатын орынбасарлар Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында ғана бар. Қалған өңірлерде оларға инвестиция тартумен айналысуға мүмкіндік бермейтін басқа міндеттер жүктелген.

Премьер-министр Асқар Мамин Мұхтар Тілеубердінің ұсынысын қолдады.

«Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, өңірлердің әкімдеріне және квазимемлекеттік сектордың басшыларына инвестиция тартуға жауапты орынбасарлардың осы маңызды функцияға баса назар аударуына ықпал етуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ вице-премьер Мұхтар Тілеуберді өңірлердің инвестициялық рейтингі әзірленетіндігін, ол жыл соңында инвестициялық штабта қаралатынын айтты.