Азаматтар жинақтарының басым бөлігін тұрғын үй мәселесін шешуге жұмсамақ
БЖЗҚ 408,2 млрд теңге сомаға біржолғы зейнетақы төлемдерін аударды, деп хабарлады Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
«2021 жылғы қаңтарда ақпараттық жүйелерді интеграциялауға байланысты дайындық жұмысы аяқталғаннан кейін БЖЗҚ азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға өтінімдер қабылдауды бастады. 12 ақпандағы жағдай бойынша 1 855,9 млрд. теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданды. Оның ішінде 423,6 млрд. теңге сомасына 78 074 өтінім өңдеуге қабылданып, мақұлданды. Биылғы жылғы 12 ақпанда БЖЗҚ 408,2 млрд. теңге сомасына 75 186 өтінім бойынша біржолғы зейнетақы төлемдерін аударды», - деді Досаев.
Азаматтар алынған жинақтардың 87 %-ын тұрғын үй мәселелерін шешуге, атап айтқанда, оның 45,5 %-ын тұрғын үй сатып алуға, ал 28,3 %-ын ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге жұмсауға ниетті.
«10,5 %-ын екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарна үшін және Отбасы банкінде ипотека алуға; 2,3 %-ын жеке тұрғын үй құрылысын (ЖТҚ) салуға, ипотеканы қайта қаржыландыруға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеуге және өзге де мақсаттарға жұмсауға ниеттенеді», - деп нақтылады Ұлттық Банк басшысы.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақы активтері жыл басынан бері 213,9 млрд теңгеге немесе 1,7 %-ға ұлғайып, 13,1 трлн теңгені құрады.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан