Қаржы министрі бірнеше ұсыныс айтты
Мемлекеттік кірістер қызметкерлері үшін базалық айлыққа үстемақы мен бірыңғай нысанды киім-кешек формасын, сыныптық шендерді енгізу ұсынылды. Ал бизнесті тексеруге мораторий алынып тасталуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Мемлекеттік кірістер қызметкерлерінің еңбекақысының төмен болуына, әлеуметтік қорғалмауына және жоғары жауапкершілікте жүруіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа ұшырау қаупі бар екенін атап өтті», - деді Жамаубаев.
Мұндай жағдай жеке секторда алған білімі мен дағдысын жиі қолданатын тәжірибелі қызметкерлердің жұмысын тастап кетуіне себеп болған. Осыған байланысты Қаржы министрлігі «базалық жалақыға үстемақы, сыныптық шендерді енгізу және бірыңғай нысанды киім-кешекті енгізуді» ұсынды.
«Аталған шаралар жоғары білікті кадрларды сақтауға, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарының мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді», - деп есептейді министр.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда 2020 жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий енгізілгенін еске салды, нәтижесінде ол тәртіпті төмендеткен.
«Кейбір арсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдады», - деді Жамаубаев.
2020 жылы жүргізілген «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» жобасы шеңберінде мемлекеттік кірістер комитетінің атына бұзушылықтар туралы 16,5 мың хабарлама келіп түскен. Сондай-ақ, мораторий салдарынан 7 мың шағым түскен.
«Осыған байланысты біз оны таратпау туралы жарлыққа азаматтардың шағымдары мен субъектілерге қатысты тексерулерге мораторий енгізу туралы бастама көтеріп отырмыз», - деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан