ДСМ көктемде тәулігіне кем дегенде 3 мың адам коронавирус жұқтыруы мүмкін деп отыр
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өткен аптадағы Үкімет отырысында Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты болжамын айтты. Оның сөзінше, наурыз айының соңына қазақстандықтардың COVID-19 инфекциясын жұқтыру көрсеткіші шарықтау шегіне жетуі мүмкін.
НАУРЫЗДЫҢ СОҢЫНДА НЕГЕ ДАЙЫН БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК?
«Наурыз айынының соңында індетті жұқтыру көрсеткіші өсуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін, ал төсек қорының қамтылуы 24 мыңға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, аталған сценарий кезінде карантин талаптарын күшейтуді енгізу әзірге жоспарланып отырған жоқ», - деген еді министр Цой қаңтар айының соңында.
COVID-19 өршиді, алайда, локдаун енгізілмейді. Бұл қалай?
Министр араға бір апта салып тағы мәлімдеме жасады.
«Пессимистік сценарий бойынша, тәулігіне 9 мың жағдайға дейін КВИ тіркеліп, төсек-орын қорының қамтылуы 45 мыңға дейін жетуі мүмкін. Сонда денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін қатаң карантиндік шараларды енгізу қажет болады», - деді Цой Президенттің қатысуымен өткен Үкімет отырысында.
2020 ЖЫЛЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА 28 АДАМ ПАРА ҮШІН СОТТАЛДЫ
Өткен жылы естеріңізде болса, ДСМ-нің өзі «пандемия арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар ашылған жыл болды» деп атады. Проблема емес, пандемия талай былықтың бетін ашты. Адамдар дәрі мен оттегі таппай қырылып жатқанда, Қазақстандық шенеуніктер еш шімірікпестен пара алуын жалғастыра берген. Тек денсаулық саақтау саласында 28 адам жемқорлық жасағаны үшін сотталған. Олардың бюджетке келтірген шығыны 808 миллион теңге.
«2020 жылы денсаулық сақтау саласында 130-дан астам қылмыс тіркелді, 92 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Денсаулық сақтау саласында 64 адам анықталды, олар бойынша 95 қылмыстық іс аяқталды. 91 қылмыстық іс сотқа жолданды, 28 адам сотталды. Денсаулық сақтау саласындағы осы қылмыстар бойынша залал сомасы 800 миллион теңгеден асты. Оның 663 миллион теңгеден астамы өтелді. Өтеу жалғасады», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Данияр Бигайдаров.
Осы ретте айта кету керек, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрлігін басқарған Елжан Біртановтың үстінен де қазір сотқа дейінгі тегеу амалдары жүріп жатыр.
2021 ЖЫЛЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ТАҒЫ ҰЯТҚА ҚАЛМАЙ МА?
Алексей Цой 2021 жылға қызу дайындық жүргізіп жатқанын айтып отыр. Президентке берген есебінде дәрі тапшылығы болмайды деп дүйім жұрттың алдында уәде берді. Дәрі-дәрмек бағасы 27 пайызға төмендегенін айтты. КВИ-ден болып жатқан өлім-жітімнің 4 есе азайғанын жеткізді.
Қазақстандық екпе әлі дайын болмаса да, елге 1 ғана вакцина түрі ұсынылса да, көптеген кедергіге қарамастан, елімізде 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинация жүргізіле бастады.
«Бірінші жартыжылдықта 2 миллион адамды вакциналауп үлгерсек, вирус жұқтыру санын 40 мыңға дейін азайтады», - деді Цой.
Ал ел-жұрт вакцинаға сенбей, бас тартса не болады?
ҮКІМЕТ ҚҰРАМЫ НЕ ҮШІН ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ?
Жуырда ғана Мәжіліс депутаты болған белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Премьер-министр Асқар Маминді алмастырудың қажеттілігі жоқ деп санайды. Өйткені алдағы көктемде коронавирус қайта өршуі мүмкін, ал «ескі» Үкімет бұл вируспен күресіп, әбден шыныққан-мыс.
«Еліміз пандемия жағдайында. ДСМ айтуынша, наурыз-сәуір айларында ауру шарықтау шегіне жетеді. Үкімет өткен жылғы оқиғалардан сабақ алған. Сондықтан, оның құрамын ауыстырудың қажеті жоқ. Жаңа құрамды сайлап алсақ, олар пандемияға дайын болмай шықса, елдің бетіне қалай қараймыз? Халықтың екінші рет қырылуына жол беруге еш болмайды», - деді А.Сарым.
БЫЛТЫР СЫНҒА ЖИІ ҰШЫРАҒАН ҮКІМЕТ БИЫЛҒЫ СЫНАҚҚА ДАЙЫН БА?
Тағы бір отандық саясаттанушы Досым Сәтпаев болса Үкімет жүргізіп жатқан дайындық жұмыстарына көңілі толмайтынын ашық айтты.
«Биыл Үкіметтің құрамы жаңармағанына өз басым таң қалдым. Былтырғы коронавирустық дағдарыста Маминнің «командасы» жүргізген жұмыс сәтсіздігімен есте қалды. Оны неліктен Үкімет басында қалдырғанын түсінбедім. Өздеріңізге мәлім, былтыр пандемия бірнеше министрліктегі былықтың бетін ашты. Жемқорлықтың бірнеше оқиғасы тіркелді. Кадрлық ауыс-түйістер бірінен соң бірі болып жатты. Енді бұл үкіметтің биыл тиімді жұмыс нәтижесін көрсетеді дегеніне сенбеймін», - дейді саясаттанушы.
«БАҒДАРШАМ» КҮНДЕ ӨЗГЕРІП ТҰР
Айта кетерлігі, Қазақстанда «қызыл» аймақтағы облыстар саны азайды. Ақмола, Павлодар, Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта қалып отыр. Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстары «сарыға» өтті. Қалған өңірлер – «жасыл» аймақта. Бұл көрсеткіш күн сайын өзгеріп отыр.
Соңғы тәулікте 1003 адамнан вирус анықталды. СҚО және Ақмола облыстарында оқушылар арасында КВИ тарап жатқандықтан, сәйкесінше, әр облыста 5 және 49 мектеп карантинге жабылды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан