Құс тұмауынан зардап шеккендерге өтемақы төленіп бітті
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жоғарғы патогенді құс тұмауынан өлген құстар үшін өтемақыны төлеуді аяқтады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Эпизоотияға қарсы іс-шаралардың аяқталуына және өлім-жітім (құстардың) тіркелмеуіне байланысты құс тұмауы тараған 8 өңірде карантин алынып тасталды. Ауру ошақтарын оқшаулау және жою бойынша іс-шаралар барысында 1,9 млн құс жойылды, олардың 97%-ы 4 құс фабрикасына тиесілі.
«2020 жылдың желтоқсанында «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-сі орташа айлық нарықтық құны бойынша індеттің кесірінен өлген құс иелеріне өтемақы төлеу жұмыстарын жүргізді. Ветеринариялық-санитариялық қағидаларға сәйкес тәркіленген және жойылған құстардың құнын өтеу «жоғарғы патогенді құс тұмауы» індетінен өлгенін растайтын құжаттар негізінде атқарылды. Олар болмаған жағдайда төлем жүргізілмейді», - делінген хабарламада.
Ұсынылған құжаттар бойынша төлем толық көлемде жүргізілді. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарына 94 470 бас үшін 295,3 млн теңге, «Агроинтерптица» ЖШС-ға 433 066 құс үшін 445,9 млн теңге төленді.
Еске салайық, Арқалық құс фабрикасы АШМ-ге қарасты үш құрылымды сотқа берді. Талап етуші тарап құс тұмауынан қырылған құс басы үшін өтемақы толық берілген жоқ деп есептейді.