Колледж студенттері дайындаған өнімдерді сатуға рұқсат
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жуырда заңға енгізілген жаңа түзетулерде колледждерге қатысты қандай өзгеріс енгізілгенін хабарлады.
Енді студенттердің дуалды жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетін болады. Бұл колледж түлектерінің жұмысқа орналасқанда айтарлықтай тәжірибемен баруына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімін белгілеуіне қатысты норма алынып тасталды. Бұған дейін министрлік әр біліктіліктер бойынша білім алу мерзімін қатаң бекітетін. Бұрын орташа есеппен оқу мерзімі 2 жылдан 3 жыл 10 айға дейін жалғасса, енді оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижесіне байланысты болады.
Колледж өкілдері көтерген тағы бір мәселе шешімін тапты. Енді колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханада, шаруашылықта, оқу полигонында дайындаған тауарларын сата алады. Мәселен, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциялар жасайды, жас кондитерлер керемет өнімдер пісіреді, қолөнер бағытындағы мамандықтары бойынша оқитын студенттер киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Бірақ оның бәрін сата алмайтын.
«Енді олар өз қолымен дайындаған өнімдерін (жұмыстарын, қызметтерін) сата алады және түскен табыс есебінен шеберханалар үшін қосымша шығын материалдарын сатып алуына болады. Оқу тәжірибесі кезінде студенттер дайындаған өнімдерді сатуға рұқсат беру арқылы өндірістік оқытудың сапасын арттыруға болады», - дейді министр.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарына қарасты біраз колледждер жұмыс істейді, бірақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол оқу орындары бюджет есебінен кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс ала алмайды. Жаңа түзетулерге сәйкес бұл мәселе оң шешімін тапты. Мемлекеттік тапсырысты алу үшін колледждердің аккредиттеуден өтуіне қатысты талаптар алынып тасталды.