Атамқұлов, Бозымбаев және Тұрғымбаевтың тағы бір-бірден орынбасары болады

Автор: Azattyq Rýhy

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, жаңа вице-министрлер ведомстволардағы цифрлық даму саясатына жауап береді

Бүгін Үкімет отырысында электронды үкімет жобасы мен цифрлы Қазақстан бағдарламасының жай-күйі туралы баяндама жасаған Асқар Жұмағалиев қазір бес министрдің осындай көмекшісі барын айтты.

«Заманауи технологияларды тиімді енгізу мақсатында 2018 жылы Елбасының келісімімен 5 министрлікте цифрлық вице-министрлер тағайындалған болатын. Олар - денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік-еңбек саласы, цифрлық даму мен салық-кедендік қызметтерде. Енді Президенттің тапсырмасына сәйкес қосымша Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктеріне 3 «цифрлық» вице-министрді тағайындау жоспарлануда», - деді Жұмағалиев Үкімет отырысында.

Жұмағалиевтің айтуынша, орталық және жергілікті органдарда цифрландыру офистері құрылған. Сондай-ақ бес ведомствода цифрлық даму жөнінде жауапты вице-министр пайда болған соң, 2018 жылы бюджетке 218 млрд теңге, 2019 жылғы 9 айында 305 млрд теңге қосымша табыс әкелген.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан