Су тапшылығын азайту үшін 192 млрд теңге жұмсалады – Мағзұм Мырзағалиев

Автор: Azattyq Rýhy

Қаражат республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан қарастырылады

Сырдария өзені, фото: shymkentsweettexas.com

Соңғы үш жылда Қазақстан су аз цикліне кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 текше шақырымды құрады. Бұл орташа көпжылдық көрсеткіштен 20 пайызға аз. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Республика бойынша пайдаланылатын судың 97 пайызы оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі. Сондай-ақ елімізде су реурсына қатысты бірнеше мәселенің қордаланып қалғаны белгілі болды.

«2020 жылы Жамбыл облысында су көлемі орташа көпжылдық деректерден 15-20 пайызға төмен болды. Өңірде ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу керек. Түркістан облысында Сырдария өзенінің ағысы 15 пайызға азайған. Мақтаарал жерінде 4 мың гектар жерде күріш өсірілген. Осыны қысқартқан жағдайда 158 млн куб метр су үнемделеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Ведомство басшысының мәліметінше, бүгінде Іле өзенінің ағымдылығы 2-3 есеге азайған. Сондай-ақ Алматы облысындағы суармалы жерлердің ауданы 2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға ұлғайды.

«Облыста күріш егу алаңы 10 мың гектарды немесе суармалы алаңның екі пайызын құрайды. Бұл ретте күріш алқаптарына пайдаланылатын судың 10 пайызы жұмсалады. Осыған байланысты күріш егуді азайту керек деп санаймыз», - деді министр.

Сонымен қатар, Мырзағалиев баяндамасында ағын суды ең көп қолданатын Қызылорда облысындағы түйіткілді мәселелерге тоқталып өтті. 

«Облыс республика бойынша пайдаланылған ағын судың 43 пайызын қолданады. Өңірде ағын суға қатысты өте күрделі жағдай байқалды. Сонымен қатар күріш егісінің алқабы 90 мың гектарды құрады. Ал АӨК дамыту бағдарламасына сәйкес, аталған егіс алаңы 75 мың гектардан аспауы тиіс», - деді Мағзұм Мырзағалиев

Елбасы 2025 жылға дейін суармалы жердің алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Бұл орайда Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 3 млн-ға жеткізуді міндеттеді. Экология министрі бүгінде аталған бағыттағы жоспарымен бөлісті.

«Біздің есептеуіміз бойынша суды тұтынудың қазіргі үрдісі сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 куб шақырымды құрауы мүмкін. Осыған байланысты қазірдің өзінде суды тұтыну бойынша шараларды жүзеге асыру қажет. Біріншіден, су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш 29 мың гектарға азайту қажет. Екіншіден, кемінде 750 мың га алаңда суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Үшіншіден, ұзындығы 6 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту керек. Осы қажеттіліктерге алдағы бес жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд теңге жұмсалатын болады», - деді министр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан