Еңбекмин келесі жылдан бастап кімдердің жалақысы өсетінін хабарлады

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен алдағы 3 жылға шамамен 95 млрд теңге бөлінеді

фото: Батыржан Беспаев

Қазақстанда 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік ұйымдардың 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерінің жалақысы өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен алдағы үш жылға шамамен 95 млрд теңге бөлінеді.

Атап айтқанда, стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (күндіз болу бөлімшелері, оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы ұлғаяды.

Нәтижесінде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі мәннен 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.

Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын лауазымдық жалақыға қосымша ақыны 30-дан 40%-ға дейін арттыру арқылы көтеру жоспарлануда.

«Бұл жыл барлығына қиын болды. Біздің әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде тұрып, ерекше контингентпен жұмыс істеді. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және олардың маңыздылығын түсінеміз. Бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлердің тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Тегтер: