Сенат депутаттары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттықты арттыруға сеп болатын құжатты қабылдады
Сенат депутаттары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттықты арттыруға сеп болатын құжатты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасай отырып.
Дәлірек айтқанда, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізіліп, осыған қатысты тиісті хаттаманы ратификацияланды. Депутаттар қабылдаған заң жобасы Қарасу мен Қордай өткізу пунктерінің жүктемесін жеңілдетіп, шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Екі жақтан Қордай арқылы шекара асатындар көп. Сондықтан бұл бекет алдағы уақыт жөндеу жұмыстарына жабылады. Сөйтіп, Сарытөбе, Ауқатты автомобиль өткізу пунктерінің жүктемесі артады. Сол үшін бұл құжатта осы бекеттердің мәртебесін халықаралық деңгейге жеткізу қарастырылған.
«Екі ел арасында адамдар мен көлік құралдары ең көп өтетін пункт Қордай болғандықтан, оны жаңартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Құрылысты бастау 2020 жылдың наурыз айында жоспарланған. Сол себепті Сарытөбе, Ауқатты автомобиль өткізу пункттерін көпжақты халықаралыққа ауыстыру қажет, сонда Қордай өткізу пункті жабылғанда өтушілер аталған екі бекетті пайдаланады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.