Тиісті заң жобасы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жол қозғалысы мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді жедел қарау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Депутаттар әзірлеген тиісті заң жобасы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы бағыттарының бірі – жүргізушілердің жүргізуші куәлігі мен көлік құралына тіркеу құжаттарын өзімен алып жүрмегені үшін әкімшілік жауапкершілігін алып тастауға қатысты. Бұл құжаттар ішкі істер органдарының деректер базасында бар және қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері олардың бар-жоғын тексере алады.
«Цифрландыру дәуірінде қажетті ақпараттық инфрақұрылым, тиісті деректер базасы болған жағдайда жүргізушілерден өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортының болуын талап ету – бұл «өткен ғасыр». Бейнелеп айтқанда, бүкіл әлем «сандық автобанға» асығып жатқанда, сіз жол бойында қала алмайсыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені анықтап, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды. Депутаттар әзірлеген заң жобасы ел Президентінің аталған тапсырмасын орындауды тікелей заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Мәжіліс спикері.
Полицей жүргізуші және оның көлік құралы туралы қажетті ақпаратты жеке куәлік негізінде дерекқордан таба алады.
Айта кетерлігі, тиісті жеңілдіктер тек Қазақстан азаматтарына ғана қатысты. Шетелдіктер бұрынғыдай өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты алып жүруі тиіс.
«Коронавирус пандемиясы кезіндегі қызмет көрсету түрлерінің көбі онлайнға көшті. Банктер, ХҚКО-лар, тұтастай алғанда, қызмет көрсету саласы цифрландыруға белсенді көшіп жатыр. Бұл – денсаулық сақтау мәселесі. Жол полицейлері де жүргізушілермен байланысты барынша азайтуы керек», - деп түйіндеді Мәжіліс төрағасы.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан