Үкімет тауарларды таңбалау және қадағалау мәселелерін қарады
Қазақстан ЕАЭО-ның интеграциялық процестері аясында тері бұйымдары мен темекі өнімдерін міндетті таңбалауды енгізді, дәрілерді, алкогольді, аяқ киім мен сүт өнімдерін таңбалау жөніндегі пилоттық жобаларды іске қосты.
Тауарларды цифрлық таңбалау көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға, салық түсімдерінің ұлғаюына және мемлекеттік бақылаудың сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Бұл мақсатта Қаржы министрлігі пилоттық жобаны қолға алған.
«2018 жылғы 1 қазаннан бастап 2020 жылғы 31 наурызға дейін темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүргізілді. Осы жылдың 1 қазанынан бастап құрамында темекі бар фильтрлі сигареттер және 2021 жылғы 1 сәуірден бастап стиктер, сигаралар, сигарилдер, қыздырылатын темекі сияқты темекі өнімдерінің өзге де түрлері міндетті түрде таңбалануы тиіс. Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 2020 жылдың желтоқсанына дейін алкоголь өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүргізілуде», - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Сонымен қатар, Асқар Мамин Қаржы министрлігіне тауарларды қадағалау жүйесін жетілдіруге, Цифрлық даму министрлігіне «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің, оның ішінде тегін мобильді қосымшалардың тұрақты жұмыс істеуін және жоғары мобильді интернет сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан