Төтенше жағдайлар министрі өңірлерде неге өрт жиілегенін түсіндірді

Республика бойынша 15 мыңнан астам өрт гидранты жарамсыз күйде

Төтенше жағдайлар министрі өңірлерде неге өрт жиілегенін түсіндірді
Көрнекі фото

Елімізде болған төтенше жағдайлардың 92%-ы өртпен байланысты. Қыркүйектен бастап тұрғын үй секторларында 1 300-ден астам (1 369) өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

Өрт салдарынан 9 адам көз жұмған. Сондай-ақ жыл сайын табиғи және сұйылтылған газдан улану нәтижесінде 20-дан астам адам қаза болады екен.

«Өрт жағдайының көбеюі өрт қауіпсіздігінің бұзылуы, атап айтқанда, тұрмыстық құрылғылар мен пештерді пайдалану кезінде, сондай-ақ, отты абайсыз пайдалану салдарынан болып отыр» - деді министр.

Аталған мәселеге қатысты министрлік тексеріс жұмыстарын қарқынды жүргізуді қолға алған. Бүгінде   жылу энергиясымен қамтамасыз ететін  417 орталық пен 4 322 білім беру ошағы тексерістен өткен. Пандемияға байланысты денсаулық сақтау объектілері ерекше бақылауға алынғаны мәлім болды. Соның нәтижесінде, 1 409 нысан есепке алынған.

«Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ТЖМ бөлімшелері жоқ елдімекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру арқылы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Республика бойынша барлығы 396 бекет құрылды» - деді Юрий Ильин.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында өртке қарсы сумен жабдықтау мәселесіндегі олқылықтар сөз болды. Министрдің айтуынша, бүгінде республика бойынша 15 мыңнан астам өрт гидранты жарамсыз күйде тұр.

«Биыл әкімдіктер екі мыңнан астам (2 689) жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алайда, жыл сайын сумен жабдықтау жүйелерінің тозуына байланысты шамамен 1 мыңға жуығы есептен шығарылады. Осыған байланысты өңір әкімдері оларды жұмыс жағдайына келтіру бойынша тиісті жұмыс жүргізуі қажет», - деді министр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.