Тараптар екі елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Түркия Республикасының Қорғаныс министрі Хулуси Акарды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
«Екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуде біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасында қалыптасқан достық қарым-қатынас үлкен рөл атқарады. Екіжақты форматта қарқынды жүргізіліп жатқан сындарлы диалогпен қатар БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ және АЫСШК шеңберіндегі практикалық өзара іс-қимыл табысты дамуда», - деді Мамин.
Түркия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің топ 10 елінің қатарына кіреді. ҚР мен ТР арасындағы тауар айналымы 2019 жылдың қорытындысы бойынша $3 млрд-тан асты. Ағымдағы жылдың 8 айында екіжақты сауда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға өсіп, $2,1 млрд құрады, ҚР Тәуелсіздік жылдарында Түркиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны $3,7 млрд-тан асты.
Тараптар екі елдің әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын, оның ішінде түрік компанияларының ҚӨК саласында бірқатар инвестициялық жобаны іске асыруын талқылады.