Ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пунктер құрылысы қашан басталады

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрлігінің бюджетіндегі олқылықтар сөз болды

Фото: ашық дереккөзден

Ауылды жерлерде фельдшерлік-акушерлік пунктер мен дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы қашан басталатыны әлі де белгісіз. Бұл туралы мәжіліс депутаты Иван Клименко айтты, деп деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулысы Денсаулық сақтау министрлігі бюджетіндегі олқылықты сөз етті.

«Мемлекет басшысы өз жолдауында 3 жылдың ішінде барлық ауылдық жерлерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырды. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің бюджеттік жобасында аталған тапсырманың қаржыландырылмағанын көруге болады. Осыдан бір апта бұрын «Нұр Отан» партиясының фракциясында мемлекеттен бөлінген қаражаттан фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысын қаржыландыруды ұсындық. Министрлік өз кезегінде мәселені шешетіндігін айтты. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі тиісті мекемелермен қанша ауылды қамтылмақ? Сонымен қатар қанша тұрғын осындай қызмет түрлеріне ие бола алады?» - деді Мәжіліс депутаты Иван Клименко Премьер-министрдің бірінші орынбасары мен Денсаулық сақтау министріне жолдаған сауалында.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов аталған мәселеге қаражаттың қарастырылғанын айтты. 

«Соңғы 3 жылдың ішінде ауылды елдімекендерде барлығы 385 фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бой көтерді. Президенттің жолдауында айтылған мәселе «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады. Алдағы 3 жылдық мерзімді қамтитын жобаның бюджетінен 1 млрд теңгеден аса қаражатты түрлі өңірлердегі 7 ФАП-тың құрылысына жұмсауды көздеп отырмыз», - деді Әлихан Смайылов.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин бұл мәселеге қатысты жауапты министрліктің жұмысын сынға алды.

«Кейбір мемлекеттік органдар жүктелген тапсырмаларды ұмытып кетіп жатады. ФАП-қа қатысты да осындай проблема туындап отыр. Қаражат мәселесі шешілді. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінде инвентеризацияның базасы жоқ. Министрлік бұл мәселені әкімдікке жүктейді. Бұл - дұрыс емес. Барлық медициналық мәселе министрлікке қарасты болуы тиіс. Мейлі ол ауыл болсын, мейлі ол қала болсын. Бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі құлақ асады деген ойдамын» - деді Мәжіліс Төрағасы.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан