Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы жауап берді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі «АЗИЯ АВТО» холдингіне қатысты ресми мәлімдеде таратты. Министрлік «АЗИЯ АВТО» басшылығы өз міндеттемелерін орындамағанын және қоғамды жаңылыстырып отырғанын айтты.
Ведомствоның хабарлауынша, «АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы қоғамдық пікірді бұрмалау мақсатында кезекті рет негізсіз және шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып жатыр.
«ҚР ИИДМ және «АЗИЯ АВТО» АҚ арасында жасалған 2017 жылғы 7 сәуірдегі өнеркәсіптік жинастыру туралы келісім және 2019 жылғы 4 қарашадағы №1 қосымша келісім Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2020 жылғы 24 тамыздағы №7119-20-00-2/6894 шешімімен күшін жойып, холдинг тарапынан міндеттемелерін орындамағаны үшін бұзылды. Мемлекеттік преференциялардың болмауы кәсіпорынның ағымдағы өндірісіне және жұмыс үдерісіне еш әсер етпейді. Келісімнің бұзылуы холдинг басшылығын бұған дейін өздеріне алған міндеттемелерін орындауға ынтыландыру үшін жасалды. Компания құрылған сәттен бастап 18 жыл бойы өндірісіне қолдау көрсетіліп келді. Бірақ өндірісті модернизациялау және қазақстандық мазмұн деңгейін арттыру жөніндегі келісімде көзделген міндеттемелерін орындамады», - дейді Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қарабаев.
Комитет басшысы мемлекеттік инвестициялық преференциялар бағытталған жаңа өнеркәсіптік қуаттылығының құрылысы аяқталса, компания жаңа келісім жасасу туралы өтінім бере алатынын, мұндай жағдайда министрлік мемлекеттік преференциялар ұсынуды қайта жандандыру туралы мәселені қарастыруға дайын екенін айтты.
Ведомство «АЗИЯ АВТО» ұжымын сабырлық сақтап, кәсіпорын басшылығы тарапынан жасалатын үрей мен қысымға бой бермей, негізсіз жұмыстан босатқан жағдайда қызметкерлерді ҚР Мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарласуға шақырады.
ҚР ИИДМ сондай-ақ жұртшылықты холдинг басшылығының ақпараттық арандату әрекетіне ермеуге және отандық машина жасау саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатқа сенімді жою мақсатында жарияланатын жалған ақпаратты таратпауға шақырады.
Еске сала кетейік, жақында «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» холдингінің еңбек ұжымы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевқа Өскемендегі «АЗИЯ АВТО» автомобиль құрастыру зауытының жұмысын тоқтатуға жол бермеу туралы өтінішпен жүгінді. Айтуынша, бұған Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің сәуір айындағы өнеркәсіптік жинастыру туралы келісімді мерзімінен бұрын бұзуы себеп болып отыр.