Қазақстанда инвесторлар есебінен әлеуметтік жобаларға 10 млн доллардан астам қаражат бөлу ұсынылды
Үкімет қаулысының жобасы жария талқылауға ұсынылды
Энергетика министрлігі 1997 жылғы 18 қарашадағы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны мердігерлік учаскесінің өнімін бөлу туралы түпкілікті келісім шеңберінде қосымша қаржы қаражатын бөлу туралы Үкімет қаулысының жобасы дайындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.
Келісім бойынша Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 10 040 126 доллар (он миллион 40 мың 126 доллар) мөлшерінде қосымша қаражат бөлу ұсынылды.
«Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының ауруханасында шұғыл медициналық ден қоюды (оқыту, консультациялық қызмет көрсету және персоналға арналған шығыстарды қоса алғанда) жаңғырту, мемлекеттік колледж базасында кәсіби оқу орталығын құру ұсынылды. Сондай-ақ, БҚО Бөрлі ауданы Аралтал ауылында жерді қалпына келтіруге және жауын-шашын суларын сорғыту жүйесін орнатуға қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда», - делінген хабарламада.
Жобалар тізбесі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша жасалды. Үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, жария талқылау ағымдағы жылдың 5 қазанына дейін жалғасады.