Білім және ғылым вице-министрі жемқорлықпен ұсталды ма – министрдің жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Вице-министр Рүстем Биғари бюджеттің 5 миллиард теңгесін жымқырды деп күдікке ілінген

Фото: Батыржан Беспаев

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің орынбасары жемқорлықпен ұсталды ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бұл ақпаратты мемлекеттік органның өзінен білуіңіз керек. Біз ресми хабарлама алған жоқпыз. Сондықтан, бұл сауалға тиісті мемлекеттік органның өзі пікір білдіргені дұрыс болады деп ойлаймын», – деп жауап берді Аймағамбетов.

Айта кетейік, 21 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БҒМ жоғары лауазымды шенеуніктеріне қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Кейбір БАҚ вице-министр Рүстем Биғари бюджеттің 5 миллиард теңгесін жымқырды деп күдікке ілінгенін жазған.

«Менің орынбасарларымның бәрі жұмыста. Рүстем Айдарбекұлы туралы мұндай ақпараттан бейхабармын. Ол жұмыс істеп жүр. Жалпы, кінәсіздік презумпциясы бар. Бұл жағдайда болжам жасау, олардың біреуі болуы мүмкін деп әріптестерімнің атын атауда іскерлік бедел мәселелері бар екенін айтқым келеді. Расталған ақпарат болғанда ғана бұл тақырыпта әңгіме өрбіте аламыз. Ал қазір әріптестерімнің бәрі жұмыста. Өзімнің орынбасарым күдікке ілінгені немесе ұсталғаны туралы ресми деректер алған жоқпыз», – деп министр пікір білдірді.