«Аспаннан аяғымыз салбырап түскен жоқ» – Аймағамбетов ауыл балаларына қатысты проблема туралы
Эпидемиологиялық ахуал жақсы болса, шалғай ауылдардағы оқушылар дәстүрлі форматта оқиды
Көп оқушы мен ұстаз үшін қашықтан басталатын 2020-2021 жылғы оқу жылына дайындық туралы брифинг өткізген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова «Неге ауылдағы балалар мектепке барып білім алады?» деген сұраққа жауап берді.
Бас мемлекеттік санитар-дәрігер Айжан Есмағамбетова санитарлық талаптарға сай, оқушылар саны 5-180 баладан аспайтын мектептер дәстүрлі түрде білім алады деген шешім қабылданғанын айтты.
«Жалпы, бізде індетке дейін де республика бойынша күнде қатынап оқитын оқушылардың саны 24 мың болатын. Олар тұратын елдімекендерде мектеп жоқ. Бір елдімекенде бес, тағы бірінде бір бала бар деген сияқты. Сондықтан, олар күнделікті қатынап оқиды немесе интернатта жатып оқитын. Бұл індетке байланысты емес, оған дейін де солай болған», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Білім министрі «Күнде осылай қатынап оқитын балалардың алған білімі салыстырмалы түрде қаншалықты жемісті болады?» деген сұраққа да жауап берді.
«Тиімділігі жағынан, әрине, орталықтағы жақсы жабдықталған, тиісті мамандары бар мектепке барып, тиісті тасымалдау мәселесі ұйымдастырылса, оның (оқудың) тиімділігі жақсырақ болады. Ешқайсымыздың аяғымыз аспаннан салбырап түскен жоқ, бәріміз қандай мәселе бар екенін білеміз. Өкінішке қарай, бүгінде біздегі шағын жинақты мектептердің көбінде барлық мамандар жеткілікті деп айта алмаймыз», - деді ол.
Аймағамбетовтың айтуынша, ведомство шалғайдағы ауыл балаларына дәстүрлі білім алуға рұқсат берерде интернеттің бар-жоғын негізгі критерий ретінде қарастырмаған. Шалғай ауылдағы балалар интернеттің жоқтығынан емес, эпидемиологиялық ахуал жақсы болған соң дәстүрлі білім алатынын айтты.
«Ауылдағы мектепте интернет жоқ, қаладағы мектепте интернет бар деген критериймен бөлген жоқпыз. 1-4 сыныптар ол жерде интернет бар-жоғына қарамай кезекші топтарда оқи алады. Дәстүрлі түрде оқитын шалғайдағы шағын мектептер интернеттің жоқтығынан емес, эпидемиологиялық ахуалдың жақсы екеніне байланысты солай оқиды», - деді ол.
Қазір Қазақстан бойынша оқушы саны аз 2652 мектеп бар.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан