«Дені сау, жұмыс істейтін адам коронавирусқа қарсы вакцинаны өзі сатып алуы керек» – ДСМ ресми өкілінің жеке пікірі
Үкімет коронавирус инфекциясына қарсы вакцина сатып алатын болса, тасымалдауға кететін шығынды есептемегенде, 18 млрд теңге қажет
Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаны тек 2 миллионнан астам азаматқа тегін сала алады, ал қалған азаматтар вакцинаны өз ақшасына сатып алуы керек. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің жеке пікірі.
«Вакцина тегін салынатын топтағы адамдар бар, олардың саны шамамен, 2 млн 182 мың адам. Бұл – жүрек аурулары, қант диабеті немесе басқа да созылмалы аурулары бар, 65 жастан асқан адамдар. Бұл топтағы адамдарға вакцина тегін салынады. Ал енді бұл топқа дені сау адамдардың қосылғаны дұрыс па, білмеймін. Өйткені, белгілі бір әлеуметтік жауапкершілік, заңдар бар. Дені сау, жұмыс істейтін азамат өзін-өзі (вакцинамен де – авт.) қамтамасыз етуі керек. Бұл менің жеке пікірім. Және пікірі дұрыс адамдар менімен келіседі деген ойдамын», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
ВАКЦИНА АЛУ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН 18 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ШЫҒЫНДАУЫ МҮМКІН
Еске салайық, Бағдат Қожахметов осыдан бірнеше күн бұрын вакцинация және иммунизация жөніндегі жаһандық альянстан (GAVI) коронавирусқа қарсы вакцина сатып алу үшін бюджеттен 9-18 млрд теңге аралағында қаражат керек деп айтқан еді. Алайда, ол бұл пікірін жоғарыдағы сияқты ресми брифингте айтпағандықтан ба, Қожахметов әлеуметтік желідегі парақшасынан жазбаны жойған (дегенмен, бірқатар БАҚ оның жазбасын көшіріп үлгерді).
GAVI-дің бағалауынша, вакцинаның бір дозасы 10-20 доллар аралығында болады. Бұл теңгеге шаққанда, 4-8 мың теңге шамасында.
Айта кетейік, пандемияға кезінде Қазақстан вакцинация және иммунизация жөніндегі жаһандық альянсқа қосылған. Осы мүшеліктің арқасында Қазақстан кейбір елдерге қарағанда, вакцинаны бірінші болып алатын мүмкіндікке ие болып отыр.
Сондай-ақ маңызды деректің бірі – Альянс бір вакцинаны 10-20 доллар бағамен алушы елдің халық санының 20%-на шақтап сатады. Ал, Қожахметов айтып отырған вирус жұқтыру қаупі жоғары топтағы 2 млн 182 мың адам біздегі жалпы халық санының 11%-ын құрайды.
«НЕ ҮШІН САЛЫҚ ТӨЛЕП ОТЫРМЫЗ?»
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, егер халық өмір сүруге қажетті дүниенің бәрімен өзін-өзі қамтамасыз етсе, онда азаматтар мемлекетке салық төлеуден де босатылуы керек.
«Салық төлеп, бірақ мемлекеттің қолдауынан үміттенбей, тіршілікті өзіміз қамтамасыз ететін болсақ, мынадай сұрақ туындайды: Онда біз не үшін салық төлеп отырмыз? Мұндай Үкіметтің қажеті не? Яғни, халық Үкіметті «асырайды», ал ол азаматтарды қолдауға асықпайды», - дейді Смирнова.
Депутаттың пікірін жақтайтын әлеуметтік топ өкілдері әрбір азамат ай сайын жалақысынан жарна салып отырған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры вакцинаны халыққа тегін салуы керек деген пікірде.
МӘМС ХАЛЫҚҚҚА ТЕГІН ВАКЦИНА САЛУ ТУРАЛЫ ШЕШІМДІ ӨЗДІГІНЕН ҚАБЫЛДАЙ АЛМАЙДЫ
Біз бұл сұрақты МӘМС өкілдеріне қойдық. Қордың баспасөз қызметі Қазақстанда екпелер күнтізбесіне енген кез келген вакцина кепілдендірілген дәрілер тізімі арқылы халыққа тегін салынатынын айтты. Бірақ коронавирусқа қарсы вакцина осы күнтізбеге енгенше, оны сатып алатын қаржы көздері қарастырылады.
«ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсан күнгі №2295 қаулысына және 2013 жылдың 12 ақпанында қол қойылған қосымша қаулыға сәйкес, жоспарлы профилактикалық екпелер Ұлттық егу күнтізбесіне сай жүреді. Халықтың белгілі бір тобын инфекциялық және паразитті аурулардан қорғау үшін салынатын жоспарлы вакцина әртүрлі жастарға бөлінген. Ал егер баланы жәндік шағып алып немесе жараланған жағдайда вакцина салу керек болса, ол вакцина үшін жергілікті немесе республика есебінен ақша сұралады.
Ал коронавирусқа қарсы вакцина ұлттық егу жоспарына енбейінше, оны сатып алатын қаржы көзін іздестіреміз. Бірақ коронавирусқа қарсы жаппай вакцина салу үшін қаржы бөлу туралы шешімді МӘМС өздігінен қабылдай алмайды», - деп хабарлады МӘМС-тің баспасөз қызметі біздің сауалымызға жауап бере отырып.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан