БҰҰ даму бағдарламасымен бірлесіп экобілім бойынша жаңа жоба бастаймыз – Білім министрі

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа оқу жылында барлық мектепте экология тақырыбы бойынша арнайы сынып сағаттары өткізіледі

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Көбейтұз көлінің ластануына және Каспий теңізіндегі итбалықтарды қорлауға байланысты қоғамдық резонанс туғызған оқиғалар экологиялық мәдениет пен экологиялық тәрбиенің маңыздылығын көрсетті деп есептейді. Бұл туралы министр Facebook-парақшасында жазды.

«Бұл бағытта түрлі институттар жұмыс атқаруы тиіс, дегенмен, білім беру мекемелерінің рөлі мен орны ерекше. Балаларға ерте жастан бастап табиғатты аялауды, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, ресурстарды ұтымды пайдалануды үйрету аса маңызды. Экологиялық тәрбие жауапкершілік, адамгершілік және ізгілік деген ұғымдарды да қамтиды», - деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы оқу бағдарламаларына талдау жасалып, бірнеше шешім дайындалған. Олардың басым бөлігі биыл іске асырылады.

Жалпы, білім беру ұйымдарында құндылыққа бағытталған оқыту мен тәрбиелеу маңызды екеніне тоқталған министр, әзірше экобілімге қатысты қысқаша тоқталып өтті.

1. Экобілім түп негізден басталуы керек. Сондықтан жаңа оқу жылында барлық мектепте экология тақырыбы бойынша арнайы сынып сағаттары өткізіледі. Қазір педагогтеріміз бен сарапшылар барлық сыныптарға арналған бағдарламаларды даярлау жұмыстарын пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, экологияға қатысты тақырыптарды мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнына енгізу мәселесі қарастырылуда. Арнайы пән мәселесі бойынша да әдістемелік жұмыс жүргізілуде.

2. Балалар ғана емес, олардың ата-аналары да экологиялық сауатты болуы керек. Олар өз балаларына табиғатты қорғауда, оны ластамауда ісімен, іс-әрекетімен үлгі бола білуі қажет. Бұл жұмысты жүргізудің маңызы зор.

3. Балалар үшін байқауға қатысуға дайындық кезінде жаңа ақпаратты зерделеу, оны тұрмыста пайдаланып, нәтижесін көру өте қызықты. Сондықтан «Дарын» орталығы базасында экологиялық бағыт бойынша ғылыми жобалар конкурсы өткізіледі. Эко-квестер, шеберлік сағаттары, театр қойылымдарын дайындау, қайта өңделетін шикізатты пайдалана отырып, экоматериалдан бұйымдар дайындау  және т.б. жұмыстар ұйымдастырылатын болады. Олар балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, шағын зерттеу жұмыстарынан басталып, ғылыми жобаларға ұласатын болады.

4. Қосымша білім беру бағытының рөлі де ерекше. Үйірмелер, клубтар, Оқушылар сарайларының жұмысы арқылы да осы жұмысты жандандыратын боламыз.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Білім және ғылым министрлігі 2020-21 оқу жылында БҰҰ даму бағдарламасымен бірлесіп, оқушылардың экологиялық мәдениетін, экологиялық білімі және тәрбие деңгейін арттыру бойынша жаңа жобаны іске асыруды бастайды.

Жоба аясында:

- Жер, Ауа, Су, Энергия сияқты маңызды экологиялық аспектілерді қамтитын ақпараттық-білім беру бағытында бейнесюжеттер, көпсериялы анимациялық бейнероликтер түсіріледі. Сондай-ақ осы бағыттар бойынша интерактивті онлайн-сабақтар дайындалады.

- Біз эко-акциялар, тақырыптық көрмелер, мектепті үздік көгалдандыру байқаулары сынды іс-шаралар сериясын жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отырмыз.

- Білім беру ұйымдары жанынан экологиялық алаңдар (жылыжай кешені, тиімді жарықтандыру, күн панельдері, тамшылатып суару, сенсорлық крандар және т. б.) құрғымыз келеді.

- Педагогтеріміз де біліктіліктерін арттырып, экологиялық білім беру саласындағы түрлі ұйымдармен және сарапшылармен өзара жұмыс істейтін болады.

«Экологиялық мәдениет жалпы мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек. Балаларымыз қоршаған ортаның қалай өзара қарым-қатынас жасайтынын біліп, бұл дағдыларды ересек өмірде де қолданғанын қалаймыз. Олар адамдардың күн сайын қандай экологиялық із қалдыратынын біліп, түсінуі қажет. Мысалы, бір ғана қарапайым көйлекті өндірудің өзіне қанша су жұмсалатынын түсіну (2700-3000 литр), ұялы телефондарды, тұрмыстық техникаларды, көлік, ұшақтарды пайдалану барысында қандай элементтер қажет етілетінін, олардың табиғатқа тигізетін зияны мен орнын толтырудағы жұмыстардың қалай жүзеге асырылатынын ұғынуы керек», - деп жазды ол.

Министр экологиялық білімнің тұжырымдамасын әзірлеу кешенді түрде жүріп, білім беру ұйымдарының жұмысында маңызды орын алатынын мәлімдеді.