$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.08.2020, 11:07
Үкімет

Қазақстанда экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылады

Экология министрі кеңес құрамында кімдердің болатынын хабарлады

Қазақстанда экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылады
Фото: inbusiness.kz

Қазақстандық мектептерде жаңа экологиялық білім беру пәнін енгізу үшін жауапты мемлекеттік органдар үйлестіру кеңесін құрады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 17 тамызда өткен онлайн-конференцияда мәлім етті.

Талқылауға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да қатысты.

«Көптеген қызықты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Нәтижесінде, біз экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесін құруға келістік. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері және қоғам қайраткерлері кіреді. Кеңесте экологиялық білім берудің өзекті мәселелері талқыланады», - деді министр.

М.Мырзағалиев Пезиденттің тапсырмасымен қазір ел мектептерінде экология пәнін енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын еске салды.

«Қазіргі таңда бала күннен бастап қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін жетілдіру, экологиялық білім беру өзекті мәселе. Біздің министрлік бұл бастаманы жан-жақты қолдайды. Балаларға оқу қызықты болу үшін біз мектеп оқушыларына ұлттық саябақтарға экскурсия ұйымдастыруға, балаларға арналған арнайы эко-лагерь құруға дайынбыз»,- деді Экология министрі.

Еске салсақ, аталған конференцияда Білім және ғылым министрі экологиялық білім міндетті пән ретінде мектеп бағдарламасына биыл енбейтінін, бірақ қыркүйектен бастап экология сабақтары қосымша ретінде бірте-бірте оқытыла бастайтынын айтқан.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары