Бүгін Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ауылдарды дамыту бойынша «Ауыл - ел бесігі» жобасын таныстырды
Оның айтуынша, елді мекендердің мәселелерін кешенді түрде шешу үшін 2027 жылға дейін 900 млрд теңге керек. Оның 70%-ын, яғни 630 млрд теңгесін республикалық бюджеттен, 30 пайызын жергілікті бюджеттен бөлу ұсынылды. Ақшаның нақты қай бағыттар бойынша жұмсалатынын вице-премьер түсіндіріп берді.
«Ауылдың жартысынан астамында көшелерді жөндеу қажет. Инженерлік желілер әбден тозған. Көптеген ауылдарда, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты ауылды дамыту үшін кешенді тәсіл қолдануды ұсынамыз. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады», - деп түсіндірді.
Қазіргі уақытта даму әлеуеті бар 3 477 ауыл іріктеп алынған. Оның ішінде - 1150 тіректі және 2327 спутниктік ауылдар. Аталған ауылдарда 6,6 млн адам тұрады. Бұл - жалпы ауыл халқының 85%-ы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан