Алик Шпекбаев IHS Markit компаниясының бас талдаушысымен скайп-колл өткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Шараға Жоғарғы сот, Бас прокуратура мен бірқатар ведомство өкілдері қатысты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің халықаралық рейтингтік ұйымдармен өткізген бірқатар онлайн-іс-шаралары аясында «IHS Markit» бас талдаушысы Алекс Меликишвилимен кездесу өтті.

Оған Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Қаржы, Сыртқы істер министрліктерінің және квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтау және тергеу, келтірілген залалды белгілеу мен өтеу бойынша жұмыс нәтижелерін, сондай-ақ азаматтық қоғаммен белсенді өзара іс-қимыл кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қабылданған шараларды таныстырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңашылдықтары туралы айта келе, агенттік төрағасы өткен жылдың соңында енгізілген саяси мемлекеттік қызметкерлердің отставкасы қарастырылған бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың жеке жауапкершілік институтын ерекше атап өтті.

Спикер Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған саяси жаңғырту шараларына, атап айтқанда, парламенттік оппозицияның құқықтық мәртебесін нығайтуға, митингтерді ұйымдастыру және өткізу тәртібін либерализациялауға, саяси партияларды тіркеуді жеңілдетуге, әйелдер мен жастардың партиялық тізімдеріне қатысуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жала жабуды қылмыстық жолмен жоюға баса назар аударды.

Отырысқа қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру, мемлекеттік аппарат қызметін оңтайландыруды, сандық технологияларды қолдану арқылы сыбайлас жемқорлықты жоюға және елдің әрбір азаматының өмірін жақсартуға бағытталған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады.

Сарапшыға сот жүйесінің реформалары да түсіндірілді. Атап айтқанда, соттардың жұмысы туралы ақпараттар топтамасында сот процестерін өткізудің толыққанды онлайн форматына, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою қағидаттарын ұстануға және сенімді арттыруға бағытталған шараларға баса назар аударылды.

ҚР Жоғарғы сотының департамент басшысы Наиль Ахметзәкіров сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар келісім-шарттарды орындауды қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша «Doing Business» рейтингісінде Қазақстанның 4 орынға ие болуына мүмкіндік бергенін атап өтті.

Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев салықтық және кедендік әкімшілендірудегі тенденцияларға, көлеңкелі экономикаға қарсы тұру және бюджеттік жоспарлаудың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларға тоқталды.

Өз кезегінде Алекс Меликишвили Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру бойынша жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстарына жоғары баға берді.

Пандемия кезінде елдің қабылдаған шараларын талқылай отырып, сарапшы қабылданатын шешімдердің, атап айтқанда, бюджет қаражатын жұмсау ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.

Кездесу соңында Алик Шпекбаев халықаралық сарапшылармен сұхбат мемлекеттік басқарудың негізгі стратегиясы мен үздік тәжірибелер туралы нақты түсінікке ие болуға мүмкіндік беретінін атап өтті, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың одан әрі басымдықтарын айқындау үшін маңызды.