Құрылыс бір жылға кешігеді
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Алматыда ЖЭО-2 биыл желтоқсанның аяғында толық пайдалануға беріледі, ал ЖЭО-3 құрылысы келесі жылға қалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматыда ЖЭО-2 қазандық бөлігі аяқталды. Қазір станция қалаға жылу беріп отыр. Электр энергиясын өндіретін бөлігі қараша айының соңында бітеді деп жоспарланған», - деді ол.
Министр биыл 25 желтоқсанда станция құрылысы толық аяқталатынын мәлім етті.
«ЖЭО-3 жобасына келсек, жағдай көңіл көншітпейді. «Самұрық-Қазына» компаниясының мәліметінше, жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жауапкершілік мәселесіне келсек, жуырда «Самұрық-Энерго» АҚ-ның бұрынғы басшысы бірнеше рет құрылыс мерзімін кешіктіріп, өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қызметінен босады. Бұл мәселеде жауапкершіліктен ешкім босатылмайды. Энергетика министрлігінің де өз жауапкершілігі бар,-деді Ерлан Ақкенженов Үкіметтің баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, алдағы уақытта «Самұрық-Энерго» мердігер компанияның жұмысына бақылауды күшейтіп, барысын қадағалауға озық бағдарламалық өнімдер енгізіп, тәуелсіз инспекторлар тартылу керек.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаудағы сынынан кейін «Самұрық-Энерго» АҚ-ның бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтов жұмысынан қуылған. Оның орнына жаңа басшы Аңсар Айдаров келді.