Мемлекеттік қызметке қабылдау бойынша бірқатар министрліктерге жеңілдік жасалды
Конкурстық рәсімдер жиырма екі күннен төрт күнге дейін қысқартылды
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі карантин кезінде бірқатар министрліктерге мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жүргізуге жеңілдік жасалғанын хабарлады.
Жақында Президент жанындағы экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия пандемия кезеңінде денсаулық сақтау органдарында мемлекеттік қызметке тағайындауды және конкурстық рәсімдерді жеделдетіп жүргізу мәселесін пысықтау тапсырған болатын. Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 22 шілдедегі бұйрығы бойынша конкурсты өткізу ережесіне тиісті түзетулер енгізілді.
Енгізілген түзетулерге сәйкес карантин кезеңінде денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым министрліктері, сондай-ақ әкімдіктердің денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту және білім беру саласындағы бөлімшелері лауазымдарына конкурстар өткізу мерзімі қысқартылды. Осылайша, конкурстық рәсімдер жиырма екі күннен төрт күнге дейін қысқартылды.