Шілдеде азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар үшін қазақстандықтарға 5,4 млрд теңге аударылды

Автор: Azattyq Rýhy

COVID-19 таралуын болдырмау үшін әлеуметтік қолдау ақшалай төлеммен алмастырылды

Фото: Батыржан Беспаев

Шілде айында 1 млн-ға жуық қазақстандық жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем алды. Еңбек министрлігінің хабарлауынша, әлеуметтік қолдаудың бұл түрімен 1,1 млн адамды қамту жоспарланып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, төтенше жағдай режимі мен коронавируспен күрес үшін енгізілген карантиндік шаралар кезеңінде азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алушылардың тізімі кеңейтілді. Азаматтардың қарым-қатынас жасауын азайту және COVID-19 таралуын болдырмау үшін әлеуметтік қолдау ақшалай төлеммен алмастырылды.

Төлем төмендегідей 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар үшін беріледі:

  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы, оның ішінде көпбалалы отбасылардағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
  • медициналық, әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
  • мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар;
  • жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.

Наурыз-мамыр айлары аралығында төлемнің жалпы сомасы 13,5 млрд теңге 1 млн адамға есептелді.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде Үкімет басшысы Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға ағымдағы жылдың шілде айында азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.