2020 жылы пневмониядан көз жұмғандар саны 1,9 есе көбейді

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері 4042 адам пневмониядан қайтыс болды

Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы 1 тамызға дейінгі пневмония стастистикасы неге есепке алынбайтынын түсіндірді.

«Бағанадан бері сіздерден көп сұрақ түсті, пневмонияның санын қоспадыңыздар деген уәж айтып отырсыздар. Біз пневмониямен ауырған адамдардың санын жасырып отырған жоқпыз. Деректер электронды жүйеде тұр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2 тамызға дейін ауырғандардың саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,3 есе өсті. Ал қайтыс болған адамдардың саны 1,9 есе өсіп отыр», - деді ол.

Вице-министр неге пневмонияның (науқастар мен өлім-жітім) ортақ статистикаға қосылмай отырғанын былай деп түсіндірді.

«1 тамызға дейінгі пневмония дүниежүзі қолданатын халықаралық классификациядан басқа, пневмония деген аурумен жіктелген. Электронды жүйеге осылай еніп кетті. Әрбір дәрігер емдеген ауруын жіктеп, осы жүйеге салып отырады. Дәрігерлер басын көтеріп, енді ес жиып жатыр деп айтсам, өтірік емес. Екі апталық дайындықтан кейін дәрігерлер 1 тамыздан бастап ықтимал немесе күдікті коронавирус жағдайларын шілде айында ДДСҰ берген кодтпен қайта жіктейді. Осыған байланысты, бізде бірінші тамыздан бастап коронавирустың теріс және оң нәтижелері бойынша жалпы саны бірге болады. Бірақ оның алдындағы деректер қосылмайды.2019 жылы 1 қаңтардан 2 тамызға дейінгі пневмониядан 2033 адам қайтыс болса, осы жылдың осы уақытында 4042 адам пневмониядан қайтыс болды. Осы уақытқа дейінгі пневмония ауруын қазір қайта қарай алмаймыз. Ол ауру бүкіл электроны жүйеге басқа кодпен енген. Оны енгізетін – дәрігерлер. Ол дәрігерлер қазір коронавируспен күресіп жатыр. Біздің қазіргі мақсатымыз – дұрыс диагноз қою, ауыр халде түсіп жатқан ауруларды емдеу», - деді А. Ғиниятқызы.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан