1 тамызға дейінгі статистикаға енбеген медицина қызметкерлері өтемақыдан қағылмай ма?
Алексей Цой медицина қызметкерлеріне өтемақы беру мәселесін түсіндірді
Көп адам «Медицина қызметкерлеріне өтемақы берер кезде тамызға, яғни коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілгенге дейін анықталған адамдар одан сырт қалмай ма?» деген сұрақ қойып жатыр. Осы мәселе төңірегінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой түсіндіріп өтті.
«Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселені міндетті түрде жіті зерттейміз. Әрбір жағдай жеке талданады. Біздің әріптестеріміздің ешқайсысы бұл мәселе бойынша алаңдамай-ақ қойсын. Көп ұзамай күз келеді. Бұл статистикада өтемақы мен төлемақы ғана емес, ең бірінші кезекте ресустарды бөлу, болжау, диагностика мен ауруханаға жатқызу мәселелері қамтылады. Бұл міндеттер – қазіргі уақытта басты маңызға ие», - деді министр.
Ал, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызының айтуынша, Қазақстанда коронавирус анықталған медицина қызметкерлерінің саны – 8518. Бүгінге дейін олардың арасында пневмониямен ауырғандары жоқ.
«Егер коронавирус пневмониясымен күрес кезінде ауруға шалдыққан медицина қызметкерлері төлем алатын болса, біз қолдау көрсетеміз. Оған қатысты медициналық құжаттар жергілікті атқарушы органдар деңгейінде комиссияға жіберіледі», - деді ол.