$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.08.2020, 11:49
Үкімет

Цой пневмония статистикасы неліктен 1 тамыздан бастап есептелетінін түсіндірді

Бұған дейін пневмония КВИ статистикасына қосылмады

Цой пневмония статистикасы неліктен 1 тамыздан бастап есептелетінін түсіндірді
Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пневмонияны коронавирус статистикасына қосуды неліктен 1 тамыздан бастағанын тағы да түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа мәліметтерді енгізуге дәрігерлердің мамандануы үшін уақыт қажет болған. 

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесімен біз 2020 жылдың 1 тамызынан бастап КВИ мен пневмония бойынша статистиканың біріктіру туралы шешім қабылдағанымызды білесіздер. Көп адам «ДДСҰ бұл туралы 18 шілдеде хабарласа да, Қазақстан неліктен статистиканы 1 тамыздан бастап есептеп жатыр?» деп сұрайды. Оның себебі – бізге кодировка мен пациенттерді тіркеу жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету алгоритмін әзірлеп, қазіргі ақпараттық жүйені баптап, жаңа мәліметтерді енгізу үшін қызметкерлерімізді дайындауға екі аптаға жуық уақыт керек болды. Бұл өте күрделі әрі көп күшті талап ететін шаруа», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, ПТР-тесттен анықталған нәтижені тіркеу оңай болғанымен, расталмаған ковид пневмониясын анықтау қиындық туғызуда. 

«Біздің алдымызда аз уақыттың ішінде дәрігерлерді коронавирус пневмониясының белгілерін анықтап, оны есеп жүйесіне тіркеу міндеті тұрды. Біз бұл жұмысты атқардық. Ендігі кезекте ДДСҰ-ның соңғы стандарттарына сәйкес науқастардың бәрін тіркеуге дайынбыз», - деді министр.

Бұған дейін министр Қазақстанда жыл басынан бері пневмониямен ауырған 234 187 адам КВИ статистикасына қосылмайтынын айтқан. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары