Үкімет басшысы Алексей Цойдың ұсыныстары қарастырылатынын айтты
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин үш апталық карантин нәтижесінде елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанын, 2 тамызда карантиндік шаралар мерзімі аяқталатынын айтты.
«Жалпы, осы кезеңде медицина ұйымдарына түсетін салмақ біршама азайды. КВИ-ден жазылып шыққандардың саны 63%-дан асты. Вирус жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды. Ауруханалардағы орындардың жүктемесі 46%-ға дейін төмендеді. Айдың қорытындысы бойынша жедел жәрдемге шақыру көрсеткіші 38%-ға төмендеді. Барлық өңір дәрі-дәрмектің жеткілікті қорымен қамтамасыз етілген», - деді ол Үкімет отырысында.
Мамин бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ұсынған карантинді жеңілдету шараларын қабылдау мәселесін қарастыратынын айтты.
«Елдегі эпидемиологиялық жағдайды одан ары жақсарту керек. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі карантин шараларын біртіндеп жеңілдету жоспарын ұсынып отыр. Ағымдағы жағдайды және осы айдың қорытындысын ескере отырып, мемлекеттік комиссияның отырысында бұл жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданады», - деді Үкімет басшысы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан