Қазақстанда қай бағыттағы пойыздың ішінде интернет бар

Автор: Бақыт Шынар

«Қазақстан Теміржолы» үкіметте есеп берді

Фото: istockphoto.com

Қазір Астана мен Семей арасындағы пойызда интернет бар. Болашақта Алматы – Павлодар, Павлодар – Түркістан және Нұрлы жол – Атырау бағытында жүретін пойыздарға интернет қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Үкіметтегі брифингте «Қазақстан Темір жолы» басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов жолаушылар пойыздарын жаздың соңына дейін интернет желісіне толық қосу жоспарланып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда интернет Нұрлы жол-Семей пойызында іске қосылған, сондай-ақ Алматы – Павлодар, Павлодар – Түркістан және Нұрлы жол – Атырау құрамдарында терминалдар орнатылуда. Бұған дейін жаңа технологияның техникалық дайындығы Астана – Алматы және Астана – Өскемен бағыттарында Eutelsat OneWeb және Starlink жүйелерін пайдаланған екі пилоттық жоба арқылы расталған болатын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмысты бастаймыз. Мен тек жолаушылар пойыздары, оның ішінде ұлттық тасымалдаушының пойыздары туралы айтып отырмын. Біздің жоспарымыз — жаздың соңына дейін негізгі бағыттарды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету»,  – деді Әнуар Ахметжанов.