Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредянмен және Firebird негізін қалаушылар: бас директоры Размик Овакимянмен және Александр Есаянмен кездесу өткізді. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт қатысты, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Америкалық Firebird компаниясы жасанды интеллект инфрақұрылымын құруға, деректер орталықтарын дамытуға және жоғары өнімді есептеу жүйелерін әзірлеуге маманданған. Компания әлемнің түрлі өңірлерінде жобаларды жүзеге асырып, жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеулер және цифрлық инфрақұрылым саласындағы әлемдік көшбасшы NVIDIA сияқты жетекші технологиялық серіктестермен ынтымақтастық орнатқан. Компанияның шешімдері әлемдегі жетекші суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарының басым бөлігінде қолданылады, сондай-ақ қазіргі заманғы генеративті жасанды интеллект модельдерінің елеулі бөлігінің негізін құрайды.
Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Олардың қатарында жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру және халықаралық технологиялық серіктестерді тарту мәселелері талқыланды.
Премьер-министр жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы 2026-шы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы аптада «Digital Qazaqstan» цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазіргі таңда негізгі цифрлық жобалардың бірі – Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – жаһандық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған алаң қалыптастыру. Біз Firebird және NVIDIA серіктестерімен жасалған келісімдерді жоғары бағалаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр «ДӨО алқабы» жобасының негізгі артықшылықтарына назар аударды. Олардың қатарында ауқымды жер резерві, жеңілдіктер және электр энергиясының бәсекеге қабілетті бағасы бар. Жобаны кең ауқымда тарату мүмкіндігі инвесторлар үшін маңызды фактор болып табылады, яғни қазіргі таңда 300 МВт қуат қолжетімді болса, алдағы уақытта оны кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.
Firebird компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Размик Овакимян Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы жоғары әлеуетін атап өтті.
«Президенттің 2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялау жөніндегі көреген шешімін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанға алғаш келген кезде-ақ елдің биік мақсаттары, технологиялық тәжірибесі мен адами капиталы әлемдік деңгейде екені бірден байқалды. Бүгінде жасанды интеллектінің озық есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және инновациялық экожүйелерге инвестиция салып жатқан елдер ертеңгі экономикалық мүмкіндіктерді қалыптастыратын болады. Firebird АҚШ-тың озық технологияларын енгізу тәжірибесін, жаһандық жасанды интеллект экожүйесіндегі тығыз серіктестік байланыстарын және ірі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қауіпсіз әрі ерекше жылдамдықпен жүзеге асыру қабілетін біріктіреді. 2027 жылы жобаны іске қосу Қазақстанды әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосады. Біздің командамыз мықты, мүмкіндіктеріміз зор және біз Қазақстан Үкіметімен, NVIDIA компаниясымен және АҚШ-тағы серіктестерімізбен ынтымақтаса отырып, Қазақстанның мақсат-мұратын шынайы жүзеге асыруға өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз», - деді Размик Овакимян.
NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыруға арналған негізгі технологиялық құралдар мен тәсілдерді және Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне интеграциялану перспективаларын таныстырды.
«Жасанды интеллектті дамыту үшін “бес қабатты торт” деп атайтын құрылым қажет. Бұл деңгейде біз төменгі қабаттардағы барлық технологияларды алып, оларды түрлі салалар мен бағыттарға арналған қосымшаларға айналдырамыз, осылайша олар нақты пайда мен құндылық әкеледі. Бірақ бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас. Қазақстанда энергия ресурстары бар. Оның қоры мол әрі оны одан әрі өндіру мүмкіндігі болғандықтан, Қазақстан бұл бағытты бастау үшін өте қолайлы орын болып саналады. Шын мәнінде Қазақстан осы бес қабатты торттың әрбір деңгейіне қатыса алады. Мен көргенім, оқығаным және қазір осында болып байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен жігері алға қарай ұмтылуға және елдің бар игілігін, табиғи ресурстарын да, адами капиталын да жасанды интеллекттің жаңа дәуіріне қадам басу үшін пайдалануға бағытталған», - деді Рев Лебаредян.
Кездесуге қатысушылар мұндай жобаларға әлем бойынша қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің жаһандық нарығының көлемі жүздеген млрд доллардан асады, ал AI-модельдерді оқыту және пайдалану үшін қажетті есептеу қуаттарына сұраныс жыл сайын екі есе қарқынмен өсіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттер тек әзірлеушілер мен технологиялар үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа буынның цифрлық экономикасының негізіне айналатын инфрақұрылым үшін де белсенді бәсекеге түсуде.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан жасанды интеллектті дамытуға арналған ұлттық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастыруда. «ДӨО алқабы» жобасы жасанды интеллекті экономикасының жаңа буыны – ЖИ-токендер экономикасының негізгі платформаларының біріне айналады. $10 млрд көлеміндегі инвестициялар елімізде NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алғанда, соңғы буындағы 100 мың GPU-чиптері негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жобаны жүзеге асыру жыл сайын кемінде $3 млрд көлемінде экспорттық кіріс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компанияларды тартады және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтады», – деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.
«Біз ондаған жылдарға есептелген инфрақұрылымды қалыптастырып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру заманауи есептеу ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жасанды интеллект технологияларын енгізуді жеделдетуге және жаһандық технологиялық компанияларды тартуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз — Қазақстанда Еуразиядағы ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыру», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Қазақстан үшін заманауи деректер орталықтары мен есептеу платформаларын дамыту инвестиция тартуға, цифрлық сервистерді локализациялауға, инженерлік кадрларды даярлауға және технологиялар саласында жаңа экспортқа негізделген бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік ашады. Өзінің жоғары өнімді инфрақұрылымының болуы сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартаптарды қолдауға, бұлтты сервистерді кеңейтуге және ел ішінде жасанды интеллект шешімдерін кеңейтуге жағдай жасайды.
Кездесу қорытындысы бойынша жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық туралы жалпы көлемі $ 10 млрд-ты құрайтын келісімдерге қол қойылды: