Almaty SuperSki қағаздан нақты іске көшті: жобаны Франция, АҚШ және Канада алпауыттары салады

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін Бектенов тиісті кеңес өткізді

Фото: скриншот

Алматының тау кластерін әлемдік деңгейге шығаруды көздейтін «Almaty SuperSki» ауқымды жобасы дайындық кезеңінен өтіп, нақты құрылыс сатысына аяқ басты. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Kazakh Tourism Development Ltd» директорлар кеңесінің отырысында жобаның бас мердігерлері бекітіліп, құрылыс алаңында алғашқы жұмыстар басталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметі.

Халықаралық PGI, Hill International және DCSA кеңесшілерінің тәуелсіз бақылауымен өткен ашық конкурстың нәтижесінде әлемдік медиа-алпауыттар таңдалды:

  • Аспалы жолдар (Франция): 11 заманауи аспалы жолдың құрылысын 1936 жылдан бері нарықта келе жатқан және 90 елде 8 мың жобаны іске асырған әлемдік көшбасшы – POMA компаниясы салады. Курортта 10 орындық гондолалар мен креслолар салынады.
  • Сәулет және конструкция (Канада): Белгілі Foster + Partners бюросы әзірлеген заманауи ағаш конструкцияларды инженерлік деңгейде жүзеге асыру үшін Канаданың StructureCraft компаниясы тартылды.
  • Жобаны басқару (АҚШ): Құрылысты үйлестіру мен сапа бақылауын АҚШ-тың Hill International компаниясы толық өз мойнына алды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жобаның экологиялық қауіпсіздігі мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Жоспар бойынша, «Almaty SuperSki» тау шаңғысы курорты 2028 жылдың желтоқсанында ресми түрде есігін айқара ашады.