КВИ-ден болған өлім-жітімнің соңғы аптадағы статистикасында Алматы қаласы неге жоқ?

Автор: Azattyq Rýhy

3-19 шілде аралығында республика бойынша коронавирустан 210 адам көз жұмды, бірақ ол статистикада Алматы қаласы болған жоқ

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 20 шілдеде соңғы екі апта ішінде (3-19 шілде аралығы) коронавирустан көз жұмғандардың тізімін жариялады. Ресми дерек бойынша өңірлер арасында өлім-жітім ең көп тіркелген (114) - Нұр-Сұлтан қаласы. Алайда, бұл тізімде Алматы қаласының аты аталған жоқ.

Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге байланысты қойған сұрағына Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы жауап беріп, бұл тізімде Алматы қаласының болмауы хаттамаға байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

«Өлім-жітім саны күнделікті емес, комиссия қорытындысы бойынша аптасына бір рет беріледі. Ал, статистикаға қосылмай қалған қалаларға қатысты айтар болсам, мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының комиссиясы хаттама тапсырып үлгереді, ол статистикаға қосылады. Ал, Алматы қаласының комиссиясы хаттама тапсырып үлгермесе, ол қосылмайды», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан